$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.04.2020, 16:39
Жаңалықтар

Nur Otan: Тікелей эфирде қозғалған проблемаларға мемлекеттік органдар да мониторинг жасауы тиіс

«Nur Otan» партиясының филиал төрағалары халықпен онлайн кездесуді жалғастырды

Nur Otan: Тікелей эфирде қозғалған проблемаларға мемлекеттік органдар да мониторинг жасауы тиіс
Фото: kstnews.kz

24 сәуірде «Nur Otan» партиясының 4 облыстық филиалы онлайн кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Nur Otan» партиясының өңірлердегі филиалдарының жетекшілері елдегі төтенше жағдай уақытында халықты әлеуметтік жағынан қолдауға бағытталған «Biz Birgemiz» шарасының мақсатын түсіндіруге бағытталған кездесулер өткізіп жатыр. Жұма күні Шымкент қаласы, Қарағанды облысы, Шығыс Қазақстан облысы және Ақтөбе облысындағы партия өкілдері тікелей эфирге шығып, елдің сауалдарына жауап берді.

Елдегі үшінші мегаполис Шымкент қаласында Instagram, Facebook желілерінде партияның қалалық филиалы төрағасының бірініші  орынбасары екі сағат тікелей эфирге шықты. Бахадыр Нарымбетовке әлеуметтік желі пайдаланушыларынан 2900 сауал түскен. Партия өкілі ең маңызды деген 60 сұраққа жауап беріп үлгерген. Төтенше жағдай кезеңінде елде ең көп талқыланған 42500 теңге төңірегінде көп сұрақтар қойылған. «Birgemiz» қорының атынан берілетін әлеуметтік ақшалай көмек алғысы келетін азаматтардан да сауалдар көп болды. Бұл қаржылай әлеуметтік жәрдемнің екінші траншы қашан түседі. Ол үшін қайтадан құжат өткізуге бола ма деген сұрақтар да жауапсыз қалмады, дейді ұйымдастырушылар.

«Жергілікті жерлерде халықты мазалайтын негізгі сауалдар қашанда әлеуметтік жағдайға байланысты болады. Біздің тікелей эфирде мемлекеттен және қайырымдылық қорлардан берілетін қаржылай жәрдемақылар мен коммуналдық төлемдерді жабатын компенсациялар туралы мыңдаған сұрақ түсті. Олар бір-біріне ұқсас болғандықтан, топтап-топтап жауап беруге тырыстық. Сall- орталықтарға хабарласа алмайтындар, карантин уақыты қашан бітеді, қоғамдық көліктер қашан жүреді, онлайн оқудың қиындықтары, интернет проблемасы, кредит бойынша төлемдерді шегеру және медициналық масканы қайдан аламын деген сияқты сауалдарға да құзіретімізге қарай жауап қаттық», - дейді «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірініші орынбасары.

Ал уақыттың тығыздығына қарай оқылмай қалған кейбір сауалдарды партия қызметкерлері жазып алып, жеке-жеке жауап беруге, ал шешімін таппаған мәселелерге ықпал етуге тырысады. Келіп түскен сауалдардың 97%-ы қазақ тілінде, қалған 3%-ы орыс тілінде қойылған. «Birgemiz» республикалық акциясының аясында Шымкент қаласында мұқтаж отбасыларға 1 млн медициналық бетперде тегін үлестіріліп жатқаны белгілі болды.

Елдің орталық өңіріндегі Қарағанды облысында да 24 сәуір партия өкілдері 90 минуттық тікелей эфир жүргізді. Онлайн кездесуде Қарағанды облысы бойынша партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова сауалдарға жауап берді. Шымкентке қарағанда мұнда келіп түскен сауалдардың саны он есе аз болған. Спикер 290 сауалдың 75-іне тікелей эфирде жауап берді.  

Көп балалы отбасылар, зейнеткерлер партияның ұйытқы болуымен ұйымдастырылып жатқан қаржылай көмекке зәру екендерін айтқан. Көлемі 50 мың теңге болатын қаржылай жәрдемақыға тізім жасақталып жатыр. Бұл өңірден де «Birgemiz» шарасының аясында нақты көмекке мұқтаж жандарға жәрдемақының екінші легі бойынша жақын күндері көмек келеді, деді аймақтық партия филиалының өкілі.

«Қарағандылықтарды мазалаған сауалдар арасында «Birgemiz» қорының көмегі ауыл, аудан орталықтарына жетпей жатқаны, азық-түліктің қымбаттауы, коммуналдық төлемдерге қосымша берілетін өтемақыға байланысты мәселелер көп айтылған. Облыс әкімдігінің құзырына кіретін сұрақтар да қойылған. Мысалы, «Нұра» өзені арқылы қатынайтын көпірдің құрылысы қашан басталады деген мәселелер тікелей эфирде айтылды», - дейді партия қызметкерлері.

Ақтөбе облысында өткен онлайн эфирге мониторинг жүргізген партия өкілдері негізінен 42500 теңге әлеуметтік көмек туралы сауалдардың әлі де көп қойылатынын айтады. Облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Instagram, Facebook-тегі парақшасы арқылы бір сағат кездесу өткізіпті. Келіп түскен сұрақтарға қарағанда, Ақтөбеде «Birgemiz» қорынан берілетін бір реттік қаржылай көмек пен азық-түлік себетіне зәру көп балалы отбасылар жеткілікті болып шықты. Партия қызметкерлері ондай отбасыларды онлайн тәртібінде тізімдеп, жәрдем алушылар қатарына кіргізуге тырысты.  

Ақтөбеліктер ТЖ байланысты жұмыссыздыққа, карантиннен кейінгі дағдарыс кезеңі қалай болады деген мәселелерге қатты алаңдайтынын білдірді. Онлайн білім алуға қатысты аймақта интернеттің әлсіздігі туралы сауалдарға жауап беруге тырыстық. Тиісті органдар да біз өткізген тікелей эфирде қозғалған мәселелерге мониторинг жасап, проблемаларды шешуге ықпал етеді деп сенеміз, дейді  Ербол Данағұлов.

Шығыс Қазақстан облысы қашанда орталықтан көмекке зәру, табиғи апаттарға бейім, шығыны басым өңір. «Nur Otan» партиясының бұл өңірдегі өкілдері де жұма күні тұрғындармен онлайн кездесулер өткізді. Спикер Олег Чугунков жеке парақшасы арқылы 550 сауал алған. Бір сағатта оның 147-іне жауап беріп үлгерген.

Сауалдардың дені ауылдық жерлердегі халықтан келгені белгілі болды. Тікелей эфирге шыққан тұрғындар «Birgemiz» акциясының көмекке мұқтаж елдімекендерге жетпей жатқанын айтып шағымданыпты. Ал қалалық жерлерде әлеуметтік көмек алу үшін тұрақты тіркеуі жоқ азаматтардың көп екені де айтылды. Онлайн кездесуге мониторинг жасаған партия қызметкерлері call-орталықтардың жұмысын оңтайландыру керек деп шешкен. «Nur Otan» партиясының өңірдегі өкілдері жауапсыз қалған сауал иелеріне жеке мәліметтерін пікір түрінде жазып қалдыруды сұрады. Олардың мәселесі жеке-жеке қарастырылады.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Nur Otan #онлайн