БҚО-да коронавирус жұқтырған 7 науқас Ресейде вахта әдісімен жұмыс істеген
24.04.2020 жылғы сағат 23:00-дегі мәлімет
Бүгін кешкісін Батыс Қазақстан облысында 7 адамның COVID-19 жұқтырғаны анықталды. Коронавирус инфекциясы табылған адамдардың барлығы да Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс істейтін азаматтар. Олардың 5-еуі Батыс Қазақстан облысының, 2-еуі Түркістан және Жамбыл облысының тұрғындары. Бұл туралы Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарлайды.
«Ресей Федерациясымен шекарадағы Тасқала және Сырым автоөткелдеріндегі санитарлық-карантиндік бекеттерде эпидемиолог мамандар байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізуі кезінде азаматтардың денсаулыққа шағымдары болмаған. Алгоритмге сәйкес, СКП эпидемиологтары жедел жәрдем шақырып, азаматтар карантиндік стационарға жатқызылды. ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен 7 пациентте де COVID-19 диагнозы нақтыланды. Барлығы да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды», - делінген хабарламада.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынды. Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда.
24.04.2020 ж. жағдай бойынша облыста COVID-19 коронавирус инфекциясын жұқтырған 100 адам анықталды.