Елімізде егіс науқаны ресми түрде аяқталды
Егіс науқанына дайындық барысында қажетті 2,4 млн тонна тұқым көлемі қалыптастырылды
Бүгінгі таңда 23,8 млн гектар алқапта ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмыстары мәресіне жетті, бұл жоспарланған көлемнің 100% құрайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
16,6 млн га алқапқа дәнді дақылдар, 3,0 млн га жерге майлы дақылдар, 3,4 млн га жерге мал азықтық дақылдар егілді. Сондай-ақ 142,5 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары, 166,8 мың гектар алқапқа картоп орналастырылды.
Көктемгі дала жұмыстары күрделі ауа райы жағдайына қарамастан оңтайлы мерзімде жүргізілді. Сонымен қатар жауын-шашынның көп түсуіне байланысты егіс мерзімі кешіктірілген жағдайларда диқандар ерте және орташа мерзімде пісетін сорттарды пайдаланған.
«Егіс науқанын уақтылы және толық көлемде аяқтау еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамытудың маңызды кезеңі болып саналады. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров егін егу науқанының сәтті өтуі шаруалардың үйлесімді жұмысының және қажетті ресурстармен, соның ішінде қаржылық қамтамасыз етудің арқасында мүмкін болғанын атап өтті», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, егіс науқанына дайындық барысында қажетті 2,4 млн тонна тұқым көлемі қалыптастырылды. Осы жылы тыңайтқыш енгізу көлемін ұлғайту бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде шаруалар 2023 жылдың сәйкес күнімен салыстырғанда тыңайтқышты 2,1 есекөп енгізді.
Жеңілдікпен қаржыландыру көлемі 2024 жылы 580 млрд теңгені құрады, оның 400 млрд теңгесі қарыз қаражаты есебінен.