Спорттық гимнастикадан олимпиадада бақ сынайтын қазақстандық спортшылар Францияда жаттығады

Azattyq Rýhy

Олимпиадада спорттық гимнастикадан жарыс 27 шілдеде басталады

Спорттық гимнастикадан олимпиадада бақ сынайтын қазақстандық спортшылар Францияда жаттығады
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Спорттық гимнастикадан Қазақстан ерлер командасы Францияда оқу-жаттығу жиынын бастайды. Бұл туралы құраманың бас бапкері Александр Ким мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Olympic.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгіннен бастап гимнасттар Францияның Труа қаласындағы жаттығу жиынына қатысады.

«Франциядағы жиын 15-30 маусым аралығында өтеді. Бұл жаттығу кезеңіне Милад Карими, Нариман Курбанов және Ілияс Азизов қатысады. Курбанов бапкерімен бірге Прагада 15 күндік жаттығу жиынына қатысқанын айта кету керек. 30 маусымда Труа қаласында Еуропа елдері арасындағы командалық жарыс өтеді. Сол сынға біздің гимнастар да қатысып, өз мүмкіндіктерін сынап көреді. Олимпиадаға дайындығын бір тексеріп алады десем, артық емес. 1-7 шілде күндері команда Алматыда жаттығады да, 8 шілдеден бастап қайтадан Францияны бетке алады. 24 шілдеге дейін тағы бір жиын өтеді. Содан соң, 27 шілдеде біздің спорт түрінен Олимпиада ойындары басталады», - дейді бас бапкер Александр Ким.

Айта кетелік, Париж Олимпиадасында Қазақстан сапынан екі гимнаст сынға түседі. Милад Карими көпсайыста, Нариман Курбанов тұтқалы ат снарядында бақ сынайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.