Павлодарлық оқушы Гонконгтағы ЖОО-дан шақырту алды

Azattyq Rýhy

Ол фармакологиямен байланысты барлық нәрсеге құмар

Павлодарлық оқушы Гонконгтағы ЖОО-дан шақырту алды
Фото: НЗМ

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Әділби Сәкенов QS Ranking 65-орында тұрған Гонконг политехникалық университетінен (PolyU) шақырту алды. Бағыты – химиялық технология және биотехнология. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Академиялық көрсеткіштері: SAT — 1490, IELTS — 8.0, GPA-5.0 (10-12-сынып).

«Дәрі-дәрмектің ағзаға әсері және дертті  емдеуге көмектесетіні сиқыр іспеттес. Әрине, сала туралы көбірек біле отырып, уақыт өте келе бұрын сиқыр деп ойлаған нәрсе қарапайым химия екенін түсінесіз. Бірақ оны қарапайым деп атауға болмайды, өйткені дәрі-дәрмек жасау шынымен күрделі және ұзақ процесс. Әрбірі зерттеуден өтіп, қаралуы  бірнеше жылға дейін созылады. Осы кезең  қаншалықты қиын болып көрінсе де, мақсатым – бүкіл әлемге белгілі болатын дәрі-дәрмек жасауға қатысу», – деді ол.

Жас өрен коронавирус дерті таралған кезде қоғам дәрі-дәрмек жасауға көбірек қызығушылық таныта бастағанын байқаған. Сол кезде ол өзін вирустың құрылымын талдайтын және дәрі жасау жолдарын зерттейтін ғалымның орнына қойған.

«Елге қиын-қыстау сәтте осы вирусқа қарсы көптеген вакциналар пайда болды. Әлі де жасалуда. Биологиялық мақсатты және оған әсер етуі мүмкін затты іздегенде өзімді құдды детектив сияқты сезіндім», – деп Әділби Сәкенов өз ойымен бөлісті.

Ол оқу процесі кезінде TEDx клубына қатысып, көптеген тақырыптарда ойын ортаға салған. Model United Nations (MUN) клубында Deputy Secretary бола отырып, ұйымдастырушылық дағдыларын дамытқан. Осы уақытқа дейін кітапханада бірнеше сағат отырып, университеттерге эссе жазған.  Оның жоғары оқу орнына түсуіне NIS мектебі мен достары үлкен рөл атқарған.

«Мен достарыма ризамын, олардың маған көрсеткен қолдауының нәтижесінде жарты жолда ойымнан бас тартпадым. Біздің мектеп – керемет мүмкіндіктер беретін таңғажайып орын. Педагогикалық құрам өте жақсы таңдалған. Маған көмектесіп, білім ошағымыздың маңызды бөлігіне айналған көптеген мұғалімдерді атай аламын. Мектептегі қызыққа толы өткен жылдарым үшін алтын ұяма алғыс білдіремін», – деді Әділби Сәкенов.

Айта кетерлігі, барлық оқу мен тұруды қамтитын грант алу үшін ҰБТ-дан 138/140 ұпай жинау керек. Грант – 210,000 $HK.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.