Ердоған: Әлем Нетаньяхудың геноцидтік әрекетін бақылап қана отыр

Azattyq Rýhy

Ол БҰҰ-ның Израильдің шабуылдарына тосқауыл қоюдағы сәтсіздігін де айтты

Ердоған: Әлем Нетаньяхудың геноцидтік әрекетін бақылап қана отыр
Фото: TRT

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 7 қазаннан бері 36 мыңнан астам бейбіт тұрғын қаза тапқан Газа секторындағы жағдайға байланысты Израильге тағы бір рет наразылық білдірді. Ердоған Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуды сынның астына алды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі TRT басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Әлем Нетаньяху есімді қанмен қоректенетін адамның геноцидтік әрекетін бақылап қана отыр. Америка Құрама Штаттары (АҚШ) мен Еуропа, сіз бұл әрекеттің қатысушысы болдыңыз», - деді Ердоған.

Ол Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісіндегі партиясының топ жиналысында сөйлеген сөзінде Израильдің Газадағы шабуылдарын қатаң айыптады. Сол сияқты Түркия президенті Израильдің халықаралық құқықтың бақылауында болмайтынына назар аударды.

Ердоған Нетаньяхудың геноцидтік, қатыгездік әрекеті дереу тоқтатылуы керек, деп атап көрсетті.

Ол сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Израильдің шабуылдарына тосқауыл қоюдағы сәтсіздігін айтты.

«Геноцидті тоқтату былай тұрсын, БҰҰ тіпті өз қызметкерлерін немесе гуманитарлық қызметкерлерді қорғай алмай отыр. Газада тек адамзат қана емес, БҰҰ да рухымен бірге өлді», - деді Ердоған.

Ол БҰҰ-ға мүше 193 елдің 3/4-тен астамының Палестинаны мемлекет ретінде қабылдағанын тілге тиек етті.

«147 елдің бірлескен шешімін 5 елдің (БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері) еріксіз қалдыруына болмайды», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.