Құтқарушы болу көп адамның қолынан келе бермейді - Шахмардан Әзірбаев

Azattyq Rýhy

Жарыс кезінде алғашқы өрт сөндіру құралдарын қалай қолдану керектігі көрсетіліп, олардың жіктелуі туралы айтылды

Құтқарушы болу көп адамның қолынан келе бермейді - Шахмардан Әзірбаев
Фото: istockphoto.com

Астана іргесіндегі Қосшы қаласының халқы жылдам өсіп келеді. Тұрғын үйлер мен көпбақатты ғимараттар да көптен салынуда. Осы тұрғын аумақтың қауіпсіздігін сақтау, өрт қаупінен алдын алу күн сайын жүйелі жұмыстарды қажет етеді. 2023 жылғы 1 желтоқсаннан бастап Қосшыда өрт сөндіру бөлімі ашылды. Бұған қоса тағы да өрт сөндіру депосы салынып жатыр. Қаладағы өртке қарсы қызмет пен оның жұмыстары туралы Қосшы қаласы Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Шахмардан Әзірбаев Azattyq Ruhy тілшісіне айтып берді.

«Қаламызда салынып жатқан өрт депосы біздің жұмысымыздың кәсіби мүмкіндіктерін көтеріп ғана қоймай, қаланың өртке қарсы қызметін одан әрі жетілдіріп, сақадай сай етуіне жол ашпақ. Бізде өртке қарсы жұмыстар жан-жақты жүргізілуде. Жағдай тұрақты. Өрт сөндіру бөлімі Қосшы мен Тайтөбе ауылының өртке қарсы қорғауын қамтамасыз етеді. 2022-2023 жылдарда қала аумағында 36 өрттен тіркелді. Биыл 16 өрт оқиғасы тіркелді», - дейді Шахмардан Әзірбаев.

Сонымен қатар ол тұрғындар арасында да өртке қарсы түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілетінін жеткізді.

«Қазақта сақтансаң сақтаймын» деген жақсы сөз бар. Біз үнемі мектептерде, емханаларда, көпқабатты жеке үйлерде, сауда орындарында өртке қарсы профилактикалық шараларды жиі өткіземіз. Жуырда ғана «Магнум» сауда үйінде өртке қарсы оқу-жаттығуын өткіздік. Қыс мезгілінде біздің мамандар үй-үйді аралап, пештегі ақаулықтарды жою жұмыстарын түсіндіреді. Сосын әкімдікпен бірлесіп әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін улы түтіннен қорғайтын құрылғылар орнатамыз. Былтыр 70-ке жуық құрылғы орнаттық. Енді жаз мезгілі келе жатыр. Балалар жазғы демалысқа шығып жатыр. Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі де біздің жеке бақылауымызда. Оның үстіне дәл осы кезде дала өрт қауіпі артады. Сондықтан да біздің мамандар күшейтілген жұмыс тәртібіне көшуде», - дейді ТЖБ басшысы.

Тұрғындардың жеке қауіпсіздікті сақтау және төтенше жағдай кезінде өзін дұрыс ұстау, дүрбелеңге бой алдырмау және ТЖ ден қою мәдениеті мен әрекеттерін қалыптастыру бағыттарында да жұмыстарға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта түрлі шаралар жиі өткізіледі.

Соның бірі жуырда Қосшы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің «Жас құтқаруш ы» үйірмелері арасында өткен жыл сайынғы жарыс.Оған 70-тен астам оқушы қатысты.

Жарыстың негізгі мақсаты – төтенше жағдайда дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, балалар мен жастар арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау.

Жарыс кезінде алғашқы өрт сөндіру құралдарын қалай қолдану керектігі көрсетіліп, олардың жіктелуі туралы айтылды. Жарыс барысында жас құтқарушылар өздерінің білгендерімен бөлісті. Жарыста Р. Қошқарбай атындағы №1 мектептің командасы бірінші орын алды. Олар енді облыстық байқауда бақ сынайтын болады.

«Құтқарушы болу көп адамның қолынан келе бермейді. Себебі өрт сөндіруші физикалық ғана емес психологиялық білім мен білікті, аса үлкен тәжірибені қажет етеді. Өрт сөндіруші өзінің өмірін қауіпке тіге отырып, өзгелердің өмірін қауіптен сақтауға ат салысады. Осы тұрғыдан алған кезде «Жас құтқарушы» үйірме жұмыстарының мағыналық, мәні зор деп білемін. Жастар өздері таңдаған мамандықтың маңызын басынан түсініп, әрқашан білім-білігін үнемі жетілдіретін болады», - дейді Шахмардан Әзірбаев.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.