«AMANAT» партиясы жанынан инклюзия жөніндегі кеңес құрылды
Кеңес төрағасы – Сенат депутаты, «AMANAT» партиясының Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Ләззат Қалтаева
Кедергісіз орта құру, инклюзивті қоғам қалыптастыру, мүгедектігі бар отандастарымыздың өмір сапасын жақсарту. Осы және өзге де мәселелер «AMANAT» партиясы жанынан құрылған Мүгедектігі бар адамдардың инклюзиясы жөніндегі республикалық кеңесте талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Президент мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселесіне жіті назар аударып келеді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі ретінде әділетті әрі инклюзивті қоғам құру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
«Кеңес барша азаматтың теңдігі мен құқығын қорғаудың маңызды құралы саналады. Яғни, біз адамдардың, соның ішінде мүгедектігі бар жандардың мүддесіне мұқият назар аударуға негізделген әлеуметтік әділеттілік туралы айтып отырмыз. Бүгінде ерекше қажеттілігі бар адамдардың мүддесі Парламентте де, мәслихаттарда да назарға алынған. «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы белсенді жұмыс істеуде. Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау мәселесі заң жүзінде бекітілген», – деді партия Хатшысы Шолпан Каринова.
Кеңес төрағасы Ләззат Қалтаеваның айтуынша, сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға енгізілген өзгерістер мүгедектігі бар адамдардың маңызды саяси шешімдер қабылдауға қатысуына мүмкіндік берді.
«Біз «мүгедек», «мүгедек бала» деген сынды кемсітушілік терминдерден бас тартып, халықаралық қағидаттарға сай келетін терминдерге көштік: «Мүгедектігі бар адам», «мүгедектігі бар бала», «есту қабілеті нашар адам», «көру қабілеті нашар адам» және т.б. 2023 жылы Әлеуметтік кодекс өз күшіне енді. Әрине, өмір бір орында тұрмайды. Үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан кодекс те жетілдіріле береді. Бұл құжат азаматтардың туғаннан бастап өмірінің соңына дейінгі барлық әлеуметтік құқығын қамтиды», – деді ол.
Әлеуметтік маңызы бар нысандарды бейімдеу мәселесі туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры Сырым Нәси баяндады. Оның айтуынша, бүгінде inva.gov.kz интерактивті қол жетімділік картасына сәйкес, 13857 нысан немесе жалпы санның 33%-ы бейімделген. Өз кезегінде, Қазақстан стандарттау және метрология институты Стандарттарды әзірлеу департаментінің басшысы Асқар Сопбеков бүгінде қол жетімділік бойынша 57 ұлттық стандарт пен 49 мемлекетаралық стандарт қабылданғанын және қолданысқа енгізілгенін жеткізді.
Кеңес төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев те инклюзия саласында стандарттарды енгізудің маңызын атап өтті. Алайда көше бойындағы, саябақтар мен мекемелердегі физикалық қолжетімділіктен бөлек, қандай да бір қызмет алу мүмкіндігі туралы да ұмытпаған жөн. Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 83-бабына сәйкес, елімізде мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына кіру мүмкіндігі қамтамасыз етілмегені үшін айыппұл қарастырылған. Халық қалаулысы оған «қызметтер» ұғымын енгізуді ұсынды. Депутат мысал ретінде несие алуға қол жетімділік мәселесін атап өтті.
«Эксперимент ретінде бір автокөлік салонына барып, несие алуға өтініш бердім. Алғашында маған тіпті өтініш қалдыру мүмкіндігі де берілмеді. Кейін олар басшылыққа қоңырау шалып, құжаттарымды қабылдады. Маған 7 банк те несие беруден бас тартты. Мәселе мынада, несиелеу жүйесі зейнетақы жинағы арқылы қаралады. Аударым жасалмайтын адамға несие берілмейді. Ал мүгедектігі бар адамдар зейнетақы жарнасын төлеуден босатылған. Тиісінше, жүйе оны жұмыс істемейтін адам ретінде көреді. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың әлеуметтік аударымдарын тексеру талабын қайта қарау қажет», – деді Ерлан Әбдиев.
Бұл ретте, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Нияз Сүндетәлиев Кеңес мүшелерін Қарағанды облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Мысалы, биыл аталған өңірде 4 «Тең қоғам» әлеуметтік қолдау орталығы ашылып, сол арқылы ерекше қажеттілігі бар 374 адам жұмысқа орналастырылды.
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Василий Шиманский мүгедектігі бар адамдардың жұмыспен қамтылу көрсеткішін арттыру үшін білім беру бағдарламаларын әзірлеуді ұсынды.
Айта кетейік, Кеңес мүшелері өзге де өзекті мәселелерді талқылады. Соның ішінде: жаңа мемлекеттік стандарттарды әзірлеу, мүгедектігі бар адамдарға дәрілік препараттарды ұсыну, жұмыспен қамтамасыз ету, оңалтудың техникалық құрал-жабдықтар паркін кеңейту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігіне мониторинг жүргізу және тағы басқа.