$ 516.93  542.52  4.98
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қосшыда жаңа әдіспен жол белгілері салынып жатыр

Биыл Қосшыдағы жолдарды жөндеу жұмыстарынна 120 млн теңге бөлінген

Қосшыда жаңа әдіспен жол белгілері салынып жатыр
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласындағы ішкі жолдарды, жаяу жүргіншілер жолын жөндеуге 1 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды  Azattyq Ruhy.

Жергілікті жердегі жолдардың сапасын жақсарту аса маңызды. Қосшы қала мәртебесін алғанан кейін осы бағыттағы жұмыстарға аса мән беріліп келеді.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Әлкен Тілеукенұлының айтуынша, биыл Қосшыдағы жолдарды жөндеу жұмыстарынна 120 млн теңге бөлінген. Қазір конкурс бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ал, «Қосшыдағы қалаішілік жолдарды күрделі жөндеу» бағдарламасы бойынша 1 млрд теңге қарастырылған. Осы бағдарлама аясында Тайтөбе ауылы бойынша ұзындығы 12,1 шақырым болатын 26 көше жолдарын салуға 3,1 млр теңге көзделген.

«Биылғы жылы қала жолдарын жөндеуге қатысты 3 жоба іске асатын болады. Бірінші кезекте Ж.Жабаев көшесі бойындағы Қазыбек би көшесінен Ә. Молдағұлова көшесіне дейін бағытта жол салынады. Жолдың ұзындығы 424,8 м құрайтын болады. «Қосшыдағы қалаішілік жолдарды күрделі жөндеу» бағдарламасының 1-кезеңі бойынша 15,5 км жол салынып, жөнделеді. Бұл жобаға 13,9 млрд теңге қарастырылған», - дейді Әлкен Тілеукенұлы.

Сонымен қатар Қосшыда жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын, жол жүру белгілерін орнату, монтаждау, жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  облыстық бюджеттен 300 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Ағымдағы жылы қаладағы 5 бағдаршам жаңартылып, 5 жаяу жүргіншілер жолына проектор, 300 - ге жуық жаңа жол белгілерін орнату, 4 орталық көшеде суық пластикпен жол белгілерін салу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар қазір жүргізіліп жатыр.

Суық пластиктен жол белгілерін салу қалада алғаш рет жүргізілуде. Жақында ғана Қосшы қаласындағы Абылайхан және Абай көшелеріне осы аталған әдіспен жол белгілері салынды.

Жалпы суық пластик оны бүріккіш пластик деп те атайды – бұл қатайтқышпен біріктірілген арнайы екі компонентті сұйық пластик.

Оны екі тәсілмен қолмен және механикалық әдіспен қолдануға болады. Мұны пайдалану сипаттамалары бойынша термопластикамен салыстыруға болады. Оны пайдаланудың көптеген артықшылықтары бар. Ең бастысы – термопластиканы пайдалану кезіндегідей үлкен габаритті техниканы қолданбай таңбалауды қолдану мүмкіндігі. Суық пластик көбінесе жолдың шағын учаскелерінде, атап айтқанда жаяу жүргіншілер өткелдері, жер асты автотұрақтары, жазулар, маңдайшалар, жылдамдықтың төмендеуі алдында «дойбы» дизайны қолданылады.

Жол салу бар да, оның сапасын бақылау бар. Салынған жол көп уақыт өтпей шұрық-тесік болып, тұрғындардың ығырын шығаратын жағдайлар көп кездеседі. Салынған жолды сапалы ету үшін бақылауды күшейту қажет. Бұл бағытта Қосшы қаласының мәслихат депуттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам белсенділері жол сапасын бақылау жұмыстарын жүргізуде.

Қосшы қаласының мәслихат депутаты Нұрдәулет Қасеновтің айтуынша, тұрғындар тарапынан депутаттық корпустың атына ең көп түсетін сауалдар - жолдар мен оның сапасына қатысты.

«185 шақырымнан астам қалаішілік жолы бар Қосшыда жол мәселесі өте өзекті. Басқасын айтпаған күннің өзінде ең басты көшелердің қатарына жататын Республика көшесінің ойық тесіктері жүргіншілерді әбден шаршатты..  Жол мәселесі мәслихатта да өте көп қаралады. Комиссия отырыстарында, Қоғамдық кеңеспен бірлескен отырыстарда да жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген ақпараттарына қарағанда қала жолдарын жөндеуге біраз қаражат бөлініп жатыр. Мәслихаттың жол мәселесі бойынша комиссиясының мүшесі ретінде халықтың қаражаты есебінен салынатын жолдардың сапалы болуын, жұмыстардың мерзімінде орындалуын бақылауда ұстайтын боламын», - дейді Нұрдәулет Қасенов.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Қосшы