Израиль әскері палестиналықтарды Рафах қаласынан шұғыл кетуге шақырды
Қазіргі уақытта 300 мыңға жуық тұрғын гуманитарлық аймаққа көшіп үлгерді
Израиль қорғаныс күштері Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласының халқы тығыз орналасқан аудандарының тұрғындарын Жерорта теңізі жағалауындағы әл-Мауаси аймағына шұғыл түрде кетуі керек деп араб тілінде хабарлама таратты. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Газа секторының 300 мыңға жуық тұрғыны Әл-Мауасидегі гуманитарлық аймаққа көшіп үлгерді, деп мәлімдеді IDF. Қазіргі эвакуация туралы хабар екі үлкен босқын лагеріне де әсер етеді.
Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, ХАМАС жетекшісі Яхья Синвар Рафахта жасырынып жатқан жоқ. Бұл туралы Times of Israel газетіне осы мәселеден хабары бар израильдік екі шенеунік айтты.
Қазіргі уақытта Израиль шенеуніктері Яхья Синвардың қайда екенін нақты айта алмайды. Барлау қызметінің соңғы мәліметі бойынша, ХАМАС жетекшісі Рафахтан солтүстікке қарай сегіз шақырымдай жердегі Хан Юнис қаласының маңындағы жерасты туннельдерінде жасырынып жүрген болуы мүмкін. Израиль әскері бір ай бұрын Хан Юнисті тастап кеткен.
Ал Франция Израильді Рафах қаласындағы әскери операциясын дереу тоқтатуға шақырды. Апта басынан бері жалғасып келе жатқан әскери операция Газа секторындағы бейбіт тұрғындар үшін апатты жағдай туғызу қаупін төндіреді, деп санайды Париж.
Франция билігінің пікірінше, Израиль келіссөздер процесін қайта бастауы керек, өйткені бұл – кепілге алынғандарды босатудың және атысты тоқтатудың жалғыз жолы.