Ұлы Отан соғысындағы Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі

Azattyq Rýhy

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан

Ұлы Отан соғысындағы Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесі
Фото: Әсет Құндақбаев/Azattyq Ruhy

Қызыл Армия қатарына 1 млн 200 мың адам, КСРО армиясында қызмет еткен 178 мың жауынгерге қосымша, алынды. Олардың 600 мыңнан астамы соғыс майданында немесе түрлі жарақаттардан қайтыс болды. Қазақстандық жауынгерлер барлық шайқастарға белсенді қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Майданның барлық бағытында қазақстандықтар жаулармен батыл соғысып, ерлік пен патриотизмнің ғажайып үлгілеріне айналды. Ұлы Отан соғысы майданында көрсеткен ерлігі үшін Қазақстанның жүздеген мың жауынгері КСРО-ның әскери ордендерімен және медальдарымен марапатталған болатын, 500-ден астам адам Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Олардың ішінде қазақ қыздары – пулеметші Мәншүк Мәметова мен мерген Әлия Молдағұлова бар.

Төрт қазақстандық әскери ұшқыш – Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағының иегерлері болды.

1941 жылдың қыркүйек айының соңында басталған Мәскеу шайқасында Қазақстанда құрылған генерал И.В. Панфиловтың 316-шы атқыштар дивизиясы ерекше орын алғаны белгілі. 16 қарашада Панфиловтың дивизиясы Ұлы Отан соғысының аңызына айналған шайқасқа қатысты. Бұл шайқаста 28 панфиловшылар Дубосеково торабының қарсаңында неміс танк батальонының жолына тұрып, 20-дан астам танкіні жойып, тоқтатқан болатын. Панфиловтың жиырма сегіз батырының ерлігі Мәскеу үшін шайқастың жарқын үлгілерінің бірі болып, Екінші Дүниежүзілік соғыс тарихындағы бетбұрысы болғаны мәлім.

Мыңдаған қазақ неміс фашистері басып алған территориялардағы партизандық қозғалыстарға да белсенді қатысты.

1945 жылы 30 сәуірде Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші көтерген қазақстандық лейтенант Рақымжан Қошқарбаев және ресейлік жауынгер Григорий Булатов болды.

Қазақстан майданның қуатты арсеналына айналды. Республиканың экономикасы әскери қажеттіліктерге бағытталды. Қазақстан әскери өнеркәсіпте қажетті мыс, қорғасын, висмут, молибден, полиметалл өндірудің жетекші орындарына айналды. Қазақстанның қорғаныс зауыттары қарудың жаңа түрлерінің, снарядтардың, миналардың және басқа да әскери мақсаттағы құралдардың өңдірістерін игерді. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майданды азық-түлікпен, өнеркәсіпті – қажетті шикізатпен қамтамасыз етті.

«Қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі айқын көрінеді. Армияны қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарды деп айтуға болады. 10 оқтың 9-ы қазақстандық қорғасыннан жасалған болатын. Майданға 1500 вагон киім мен азық-түлік жіберілді. Басқаша айтқанда, біздің Жеңіске жетудегі үлесіміз айқын болды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1945 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қиыр Шығыстағы қазақ жауынгерлері фашистік Германияның одақтасы – Жапонияның Квантунг армиясын тоқтатуға белсенді қатысты.

Қазақстан халқы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарды еске алады және әрқашан халықтар арасындағы татулық пен достықты қолдайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.