Алдағы күндері ауа райы қандай болады
Республиканың басым бөлігінде жауын-шашынды ауа райы күтіледі
Қазақстанда алдағы күндері ауа температурасы төмендейді. Республиканың басым бөлігінде атмосфералық фронтальды бөлімдердің өтуімен жауын-шашынды ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«1-2 мамырда еліміздің солтүстігінде, шығысында, оңтүстік-шығысында және орталығында қатты жауын-шашын болады, түнгі уақыттарда жаңбырдың арты қарға ұласуы ықтимал, найзағай, еліміздің оңтүстік-шығысында бұршақ жаууы мүмкін. Республика бойынша екпінді жел күшейеді, түнде солтүстік, шығыс өңірлерде тұман болады деп болжануда», - деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмагулова.
Скандинавия аймақтарынан енген салқын антициклон жотасы әсерінен, солтүстік, шығыс және орталық аймақтарда ауа температурасы түнде 0-5 градус жылы. Сондай-ақ, суық фронт біртіндеп еліміздің оңтүстік аймақтарына қарай жылжиды, онда ауа температурасы түнде 2-7 градус жылы.
30 сәуір - 4 мамыр аралығында негізінен жауын-шашын күтілуіне байланысты Шығыс Қазақстан облысының аумағында өзендердегі су деңгейінің көтерілуі күтіледі. Яғни, өзендер қауіпті деңгейден асуы мүмкін.