$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Өз ісіңмен кейінгіге үлгі бол!»: Қосшыда тұратын танымал тұлғалар ағаш екті

Әр ағаштың түбіне тұлғалардың есімі жазылған және өмір жолын баяндайтын QR кодпен тақтайшалар орнатылды

«Өз ісіңмен кейінгіге үлгі бол!»: Қосшыда тұратын танымал тұлғалар ағаш екті
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Қосшы қаласында «Жасыл аймақ» апталығымен өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бүгін Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов бастап, ғасыр жасаған, ҰОС ардагері Нұрқасым Әжітаев ақсақал, халқымыздың сүйікті әншісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев,  жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен Айгүл Сейіл отбасымен, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар, жазушы Мақсот Ізімұлы, ақын, «Jańa Bastau» газетінің құрылтайшысы Бауыржан Қарағызұлы,  кәсіпкер, меценат Жұмабек Зайытұлы, Ақмола облысы мәслихатының депутаты Айдын Төребаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы, кәсіпкер, меценат Сайраш Матайбаева, қалалық мәслихаттың  хатшысы Әлихан Қуатбеков, күйші Ардаби Маулет, танымал суретші, Қосшы қаласы эмблемасының авторы Толқын Табысбек, Қосшы қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы Қабділбар Абақов бастаған зиялы қауым №3 орта мектептің саябағына ағаш отырғызып, акцияға өз үлестерін қосты. Әр ағаштың түбіне тұлғалардың есімі жазылған және өмір жолын баяндайтын QR кодпен тақтайшалар орнатылды.

«Таза Қазақстан» республикаaлық экологиялық акциясы бүгін Қосшы қаласында «Жасыл аймақ» апталығымен жалғасуда. Қоршаған ортаны таза әрі ұқыпты ұстау – әрбір азаматтың басты парыздарының бірі. Себебі, табиғат – баршамызға ортақ құнды байлық. Біз ежелден табиғатты аялауға, жақсы көруге үлкен мән берген халықпыз. Сол үшін де атадан балаға жалғасқан игі іс халық арасында өз құндылығын жоғалтқан емес. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демекші,  көктем шығысымен аумақты көкжелекке айналдыруға атсалысып, тал отырғызуда белсенділік танытып келеміз. Бүгін міне Қосшы қаласының тұрғыны, жасы 99-ға келген ардагер Нұрқасым Әжітаев ақсақал да, зиялы қауым да ағаш отырғызып, акцияға өз үлестерін қосуда.  Бұл өскелең ұрпаққа өнеге. Экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарды артыруды  көздеген науқан аясында қала тұрғындарын белсенді болуға шақырудамыз. Айлық аясымен ғана шектелмейміз. Одан әрмен қарайда санитарлық тазалық жұмыстары жалғасады», - деді Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов шара кезінде.

Мектеп ауласында ағаш еккен Қосшы қаласының тұрғыны, белгілі әншісі Нұрлан Өнербаев жер шары адамзатқа берген сый, ал оны күтіп-баптау олардың міндеті, парызы дейді.

«Осы өткізіліп жатқан шара республика ауқымымын қамтыған. Біз Кеңес дәуірін көріп қалған ұрпақпыз. Сол кезде сенбілік деген болған... Ал қазіргі «Таза Қазақстан» жобасының жастар үшін тәрбиелік мәні ерекше. Біз тұрған жерімізді, ортамызды, табиғатымызды қорғап, таза ұстауымыз керек. Жер шары адамзатқа берген сый, ал оны күтіп-баптау адамзаттың міндеті, парызы. Жеріміз жұтамасын, суымыз сарқылмасын, тауымыз шағылмасын десек оны күту керек. Осындай тал-терек егіп, өсіру қажет. Мұның бәрі жастар үшін тәрбие», - дейді  Нұрлан Өнербаев.

Біз өзіміздің ісіміз арқылы кейінгі ұрпаққа өнеге көрсетіп жатырмыз дейді Қосшы қаласының эмблемасын жасаған суретші Толқын Табысбек.

«Акцияның маңызы ерекше. Ең бірінші жастарға, өскелең ұрпаққа мәні зор шара деп білем. Себебі біздің балаларымыз біздің айтқанымызды емес істеген ісімізге қарап өседі.  Осы ретте біз де өзіміз тұратын өлкені жасылдандыруға үлес қосып жатқанымды мақтан тұтам. Мен балама жақсы өнеге көрсетіп жатырмын деп ойлаймын», - дейді Т.Табысбек.

Айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар кез келген нәрсе адамдардың ниеті мен еңбегіне сәйкесетінін жеткізді.

«Астана мен оның іргесіндегі Қосшы қалаларының өсіп-өркендеуі сонда тұратын адамдарға тікелей байланысты. Мен Қосшы қаласының тұрғынымын. «Таза Қазақстан» акциясы аясында мен де қала әкімдігі басшылығы бастаған және басқа да өнер-мәдениет қайраткерлерімен бірге ағаш отырғызып, табиғатты аялауға өз үлесімізді қостым. Мектеп төңірегінде біз отырғызған ағаш жайқалып өсіп, мәуелі болады деп ойлаймын», - дейді Еркебұлан Қайназаров.

Сонымен қатар, бүгін Қосшыдағы Сарқырама өзенінің бойы қоқыстардан тазартылды. Акцияға Экология және табиғи ресурстары вице-министрлері Жомарт Әлиев, Мансұр Ошурбаев, Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов және экологияны қорғайтын түрлі ұйым өкілдері мен еріктілер қатысты.

«Бүгінгі тазалық акциясы кезінде өзен бойында қоқыстар жиналды. Қосшы қаласының да экоактивистері, еріктілері бұл істен шет қалған жоқ. Шараған 200-ден аса адам қатысып, белсенділік танытты. Өзен аумағынан 50 куб метр қоқыс жиналып, шығарылды. Біз әрқашан өзіміз тұратын жерді таза ұстап, қоқыстан тазартып жүруіміз керек.  Бұл біздің азаматтық борышымыз», - дейді Ақмола облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қосшы қаласы мәслихат депутаты Ирина Осипова.

Серіктес жаңалықтары