БҚО-дағы ахуал: Оралда бірнеше аудан суға кетті
Тұрғындарды эвакуациялар үшін автобус пен қажетті техникалар жұмылдырылды
Жайық озенінің көтерілуіне байланысты 1, 2, 3 Саяжай, Самал, Телеорталық аудандары суға кетуі басталды. Қазіргі уақытта сол аудандарда жергілікті әкімдік, Төтенше жағдай басқармасы, Жергілікті Полиция басқармасы және волонтерлер күні-түні бойы жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, саяжайда қалған тұрғындарды эвакуациялар үшін автобус пен қажетті техникалар жұмылдырылды.
Жергілікті атқарушы органнан су басу қаупі бар саяжайларға алдын ала эвакуациялау жөнінде хабарланды. Сол себепті, тұрғындардың басым көпшілігі эвакуацияланды.
«Бос қалған үйлерде құқықбұзушылық болмау мақсатында жергілікті полиция басқармасымен тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Қаладағы үйге көшу мүмкіндігі жоқ азаматтарға жедел эвакопунктер қарастырылған (Біздің BatysToday парақшамыздан эвакопунктер тізімі күн сайын жаңартылып тұрады).
Саяжай тұрғындарынан өзінің үйінің аумағындағы бөгеттерді бұзбау сұралады, себебі бұдан су деңгейі түспейді. Алайда, бұл әрекетіңізден көрші үйлерге су басу қаупін тудырасыз.
Су тасқынан болған шығын немесе залалды өтеу бойынша, бір реттік төлемақы алу бойынша қазіргі таңда өтініштер қабылдануда. Жұмыс орны мен жұмыс уақыты қала әкімдігінің ресми парашаларында орналастырылған.
Ең бастысы – азаматтарымыздың амандығы!
Сабырлық танытып, дүрбелеңге түспеңіздер», – дейді қала әкімінің орынбасары.