Әскерден оралмаған: ер адам 28 жылдан кейін анасымен қауышты
Ол әскерге кетіп, қайтып оралмаған
1996 жылы күзде әскерге кетіп оралмаған Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жасқайрат ауылының 1977 жылы туған тұрғыны Бейбіт Қозыбаевтың 28 жылдан кейін аман-есен табылғаны хабарланған. Осы жағдайға қатысты Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров пікір білдірді. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Atyrau Press басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде анасы Маржан Қозыбаева туған ұлымен осынша жылдан кейін аман-есен қауышты.
«Маржан апайдың бұл күнге де жетіп, туған ұлын құшақтап, сағынышын басқанын көзіміз көрді. Аудандық әскери комиссариатына келіп, баласын сұрап егілген ананың талай қиналғаннан есінен танып қалғанын да көргенбіз. Сол кездері оны не деп жұбатарымызды білмей, біз де қиналып қалушы едік. Бүгін міне, 28 жылдан кейін бауыр еті баласымен қауышқан ана үшін біздің де көңіліміз жай тапқандай болды», – дейді Қызылқоға аудандық мәслихатының депутаты, қорғаныс саласының ардагері Есенбай Нұров.
Айта кетерлігі, Бейбіт Қозыбаевтың әскерден жоғалғаны, бүгінге дейін оралмағаны жазылмаған. Алайда 2014 жылы Lada.kz басылымында бұл ақпарат жарияланған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтау гарнизоны бойынша Әскери полиция басқармасы 10070 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі, 1977 жылы 3 наурызда туған матрос Қозыбаев Бейбіт Алтайұлын іздестіруде.
Ведомствоның хабарламасында айтылғандай, Қозыбаев 1997 жылдың қыркүйегінде (ҚР ҚК 372-бабы) әскери бөлім орналасқан жерден рұқсатсыз кетіп, әлі күнге дейін жасырынып жүр. Ол мемлекетаралық іздеуде, оған қатысты бұлтартпау шарасы – қамауға алу – таңдалды», - деп жазған Lada басылымы.