Гүлқасима Сүйінтаева: Басына күн туған ағайынға аянбай қол созу — ортақ міндет
Ақтөбе облысында мәслихат депутаты зардап шеккендерге 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті

Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева өңірдегі су тасқынына байланысты депутаттар тарапынан қандай көмек көрсетіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутаттың айтуынша, облысымыздағы су тасқыны кезінде ешкім бейжай қарап қалған жоқ. Су басу қаупі байқалған сәттен бастап елдің белсенді азаматтары мемлекеттік орган қызметкерлерімен бірге аяғынан тік тұрды.
«Күн-түн деген жоқ, жұдырықтай жұмылып, әрекет етті. Сын сағатта азаматтығын көрсеткендердің бел ортасында облыстық, аудандық, сондай-ақ бірмандатты сайлау округінен сайланған мәслихат депутаттары да бар. Олар қауіпті аймақтарға барып, үй-үйді аралады. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті. Су кешіп, құм төсеуге де араласты. Төтенше жағдай жарияланған аудандарға да барып, халықпен кездесті. Қай жерге қандай көмек керек екенін біліп, үйлестіру жұмыстарына өз үлестерін қосты, қаржылай көмек берді», - дейді облыстық мәслихат төрағасы.
Сөз арасында облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиков су тасқынынан зардап шеккендерге 50 млн теңге қаржылай көмек көрсеткенін тілге тиек етті.
«Оның 30 млн теңгесі азық-түлік алуға жұмсалды. Ойыл ауданына 10 млн теңге аударды. 10 млн теңгені зардап шеккендерге көмек үшін құрылған «Қамқор Ақтөбе-2024» қорына қосты.
Облыстық мәслихаттың депутаттары Сергей Прокопьев, Күлпаршын Айдарханова, Ерлан Тілеуқабылов, Сергей Вишняк, Талғат Дүржанов су тасқыны кезінде қажетті техникаларымен қол ұшын созды. Күлшат Масалимова, Азамат Саймов, Раушан Жәлімбетова бастаған топ эвакуациялық орталықтағы зардап шеккендер мен тасқын сумен күресіп жатқандарға ыстық тамақ жеткізуге күш салды. Осылай тізе беруге болады. Бір жағынан сумен алысып, екінші жағынан мал-мүлкінен айрылып қажығандардың жанына жалау болар жылы сөздерін айтып, дем беру де маңызды», - деп жазды Гүлқасима Сүйінтаева Facebook парақшасында.
Сөз соңында еліміздің әр өңірінен гуманитарлық көмек көптеп келіп жатқанын қозғап өтті.
«Басына күн туған ағайынға аянбай қол созу — ортақ міндет. Еліміздің барлық аумағынан ағылып келіп жатқан көмек те жетерлік. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір тұрғынның назардан тыс қалмауын тапсырды.
Лайым еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Осындай сын сағатта бірлесіп жұмыс жасап, бірлікте болайық!» - деді Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева.