Қазақстанда карантин шараларын күшейту туралы қаулы жарияланды
Қаулыға сәйкес еліміздің барлық аймағында карантин шаралары күшейтілді
Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетованың Қазақстанда карантин шараларын күшейту туралы қаулысы жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Қаулыға сәйкес облыстардың әкімдері халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету ұйымдарының қызметкерлерін, медициналық көрсетілімдер бойынша шығатын және кіретін адамдарды, сондай-ақ карантин енгізілген кезеңде стационарларда және карантиндік және провизорлық стационарларда бақылауда болған адамдардың шығуын қоспағанда, облыс орталықтарының, қалалардың, аудандардың, ауылдық елдімекендердің аумағынан шығуға және оған кіруге тыйым салуға міндеттеледі.
Қаулы бойынша әуежайдың, теміржол вокзалының, автовокзалдар мен автостанциялардың қызметі тоқтатылып, қалааралық, ауданаралық автобус қатынастарына, сондай-ақ жеке тасымалдауға тыйым салынуы керек.
Екінші деңгейдегі банктер, «Қазпошта» АҚ бөлімшелерінің, айырбастау пункттерінің қызметін онлайн жұмыс режиміне және «клиенттерге дейін жеткізу» қағидаты бойынша көшіру арқылы тоқтата тұруы тиіс.
Қаулының толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады.