Ақтөбеде тергеу изоляторынан қашып шыққан күдіктілер сотталды
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ
Ақтөбеде тергеу изоляторынан қашып кеткен екі күдіктінің қылмысы дәлелденіп, олар бас бостандығынан айырылды. Ал олардың біріне еріп, бұзақылық жасаған тағы бір сотталушыға бас бостандығынан шектеу жазасы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыстық іс Ақтөбе қаласының №2 сотында қаралды. Іс материалына сүйенсек, екі сотталушы аса ірі мөлшерде ұрлық, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен бұзақылық жасағаны үшін күдікті деп танылған. Олар тергеу изоляторында танысып, полициядан қашып шыққан.
«Сотталушы Е. және К. камера есігінің құлыпталмағанын, сондай-ақ тұтқындарға тамақ беруге арналған терезе ашық қалғанын байқап, күзет қызметкерлерін айқайлап шақырады. Қызметкерлердің жауап бермейтініне және ұйықтап жатқанына көз жеткізіп, темір есікті ашқан. Әрі қарай Е. және К. камерадан шығып, магнитпен жабылған темір есікті күштеп ашады. Кейін темір қақпадан секіріп, қашып кеткен. Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, Е. 5 жыл, К. 3 жыл 3 ай мерзіміне бас бостандығынан айырылды. Ал Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша айыпталған П-ға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.