Еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды

Azattyq Rýhy

Су тасқыны қаупі еліміздің төрт облысында әлі де сақталады

Еліміздің бірнеше өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК 31 наурызда Қазақстанның бірнеше өңірі бойынша дауылды ескерту жариялады. Синоптиктер су тасқыны қаупі еліміздің төрт облысында әлі де сақталатынын болжайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылы 1-5 сәуір аралығында күндіз ауа температурасының жоғарлауы, жаңбыр түріндегі жауын-шашынның болуы және қардың қарқынды еруіне байланысты су деңгейінің көтеріліп, өзен-су қоймаларында сең жүруі мүмкін. Ақтөбе мен Ақтөбе облысындағы барлық өзен кенері белгіленген деңгейден асу қаупі бар. Ескерту: белгіленген межеден асқан кезде өзен ағысы бойынша төмен орналасқан елдімекендерді, шаруашылық нысандары мен тас жолдарды су басу қаупі туындауы мүмкін.

2024 жылдың 30 наурызы мен 5 сәуірі аралығында күн райының күрт жылынуы, аралас жауын-шашынның түсуі салдарынан қар суы Ақмола облысы бойынша өзендер ағысы бойымен қарқынды жүреді. Атап айтқанда, негізінен Көкшетау, сондай-ақ Астрахан, Сандықтау, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Шортанды және Зеренді аудандарын қызыл су жайлайды деп күтіледі.  Бұл ретте су деңгейінің белгіленген мөлшерден асу қаупі сақталады, сондай-ақ елдімекендер мен шаруашылық нысандарды су басу қаупі жоғары. 

2024 жылы 30 наурыз бен 1 сәуір аралығында қатты жауын-шашынға байланысты Жетісу облысының таулы аудандары мен тау бөктеріндегі аймақта сай-салаға су толып, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мүмкін. Елдімекендерді су басу қаупі жоғары. Ескерту: өзендегі су кенерінен асқанда жайылмалы учаскелерде орналасқан елдімекендерді, шаруашылық нысандары мен жергілікті маңызы бар жолдарды су басу қаупі сақталады.

Түркістан облысының таулы ауданы мен тау бөктеріндегі аумақта болатын қатты жауын-шашынға байланысты 2024 жылы 30-31 наурыз аралығында өзендерде еңіс ағынымен су тасқыны жүреді, су деңгейі көтерілуі мүмкін, мұндай жағдайда тас жолдарды, елдімекендерді және шаруашылық нысандарын қызыл судың басу қаупі жоғары.

31 наурызға жарияланған дауылды ескерту:

Түнде Алматы облысының оңтүстігінде аракідік қатты жауын-шашын (негізінен жаңбыр) болады, облыстың таулы аудандарында қар жауады. Облыстың таулы, тау бөктеріндегі аудандарында тұман болады. Желдің екпіні кей тұста 25 м/с дейін жетеді.

Алматыда түнде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, соққан желдің екпіні 15 м/с құрайды. 

Жетісу облысының солтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады деп күтіледі. Соққан желдің екпіні 25 м/с дейін жетеді.

Қостанай облысының оңтүстігінде тұман түседі. Желдің екпіні - 15-20 м/с.

Астанада түнде көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман болады.

Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында түнде аздап қар жауады, күндіз қар аралас жаңбыр, көктайғақ болады. Желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Петропавлда түнде аздап қар жауады, күндіз қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады.

Павлодар облысының оңтүстігінде, солтүстігінде, шығысында аздап қар аралас жаңбыр жауады, көктайғақ болады. Желдің екпіні - 15-20 м/с. Павлодарда аздаған жауын-шашын (қар, жаңбыр), көктайғақ болады деп болжанады. 

Жамбыл облысының оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман болады. Желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және облыс орталығы - Орал қаласында да тұман болады.

Түнде Түркістан облысының тауларында тұман болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.