Жоғары палата денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Мәжіліске қайтарды
Сенат тиісті заң жобасын екінші оқылымда мақұлдамады
Халықты сапалы және қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізу арқылы зиянды өтеуге мемлекет кепілдік берген пациенттердің құқықтарын іске асыру, медициналық мамандықтың мәртебесі мен беделін арттыру мақсатында әзірленген заң Мәжілістің қарауына қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Заңның мақсаты медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды құқықтық реттеуді енгізу, медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру жөніндегі қатынастарды ішінара қылмыстық сипаттан арылту, медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру, пациенттердің медициналық көмектің сапасын арттыруға құқықтарын қорғау болып табылады.
Заңда төмендегідей түзетулер ұсынылған:
- медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге;
- медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін енгізуге;
- медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік кепілдіктер белгілеуге, медициналық мамандықтың мәртебесі мен тартымдылығын арттыруға;
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының бірінші бөлігінде көзделген, адам денсаулығына абайсызда ауырлығы орташа зиян келтіруге алып келген істерді жекеше-жария айыптау істері санатына жатқызу арқылы медицина қызметкерлерінің жауаптылығын ізгілендіруге, қамауға алу мерзімдері мен айыппұл мөлшерін азайтуға, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаның баламалы түрін енгізуге және пациенттің денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айыру мерзімдерін айтарлықтай төмендетуге;
- вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салуды, сондай-ақ шегілмейтін темекі бұйымдарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды жарнамалауға тыйым салуды белгілеуге бағытталған түзетулер ұсынылған.
Сонымен қатар, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілетін түзетулермен әскери дәрігерлердің әскери қызмет міндеттерін орындауға кедергі келтірмейтін ақылы медициналық қызметпен айналысу құқығы бекітіледі. «Резидент-әскери дәрігер» деген жаңа ұғым енгізіледі, осыған байланысты оларды оқыту, әскери қызмет өткеру туралы келісімшарттың мерзімі, әскери лауазымға тағайындау және әскери қызметтен босату мәселелері регламенттеледі.
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Өз кәсібінің үздiгі» құрметті атақтарын беру медицина қызметкерінің практикалық қызметке деген сенімін арттыруға және ынталандыруға бағытталған.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН