Президент Сейдахмет Құттықадамның отбасына көңіл айтты
Мемлекет басшысы марқұмның бейнесі жұртшылықтың жүрегінде мәңгі сақталатынын атап өтті
Мемлекет басшысы қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның отбасына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі журналист, ғалым, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадамның дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.
«Сейдахмет Рысқожаұлы ұзақ жылдар ұлттық ғылымның, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып, ұлағатты ұрпақ тәрбиеледі. Айналасына сыйлы азаматтық болмысымен баршаның зор құрметіне бөленген Сейдахмет Рысқожаұлының жарқын бейнесі оны білетін жұртшылықтың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазылған жеделхатта.