Қазақстан трансшекаралық суларды оңтайлы пайдалану жайлы келісімді қабылдады
Енді еліміз трансшекаралық өзендерді басқаруда ынтымақтасады
Сенат «Халықаралық су ағындарын кеме қатынасынан басқаша пайдалану түрлерінің құқығы туралы конвенцияны ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – ел алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі.
Көршілес әрі достас елдермен су мәселесі бойынша әрдайым өзара келісімде болуымыз абзал. «Қазгидрометтің» мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылда Қырғызстандағы Тоқтағұл су қоймасындағы судың көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 123 млн м3 аз және бүгінгі күні 8028 млн м3 құрайды», - деді депутат.
Ол атағандай, Бартоғай су қоймасындағы судың көлемі алдыңғы жылдан 14,82 млн текше метрге аз және бүгінгі күні 238,14 млн текше метрді құрайды.
«Еліміздегі су ресурстарының жартысына жуығы көрші мемлекеттерден келетінін ескере отырып, олармен екіжақты әріптестік орнату – елдік мүдде деп санаймыз», - деді ол.
Қаралып отырған Конвенцияға сәйкес, тараптар мынадай міндеттемелерді қабылдайды:
- басқа тараптарға айтарлықтай зиян келтірмеу;
- трансшекаралық өзендерді басқару бойынша ынтымақтастық жасау;
- су ағынының жай-күйі және суды пайдалану бойынша деректер мен ақпараттармен алмасу.
«Бұл Конвенция су ресурстарын бірлесіп рационалды әрі тиімді пайдалануға және сақтауға септігін тигізеді деп сенеміз.
Қазіргі уақытта шектес мемлекеттермен су қатынастарын реттеу, трансшекаралық суларды ұтымды пайдалану және қорғау мәселелері бойынша ынтымақтастықты қамтамасыз ету, трансшекаралық суларды пайдалану және қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты қамтамасыз ету әрдайым бақылауды талап етеді.
Аталған шаралар трансшекаралық су ағындары бойынша тиімді ынтымақтастықтың кепілі болады, сондай-ақ еліміздің су қауіпсіздігіне оң әсер етеді деп сенеміз», - деді ол.
Заң жобасын депутаттар бірауыздан қолдады.
Өз кезегінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев конвенция қатысушы елдер арасында халықаралық су ағынын оңтайлы және орнықты пайдалану шарттарын бекітетінін айтты.
«Құжат халықаралық су ағындарының экожүйесін қорғау және сақтау шараларын айқындайды. Конвенцияны ратификациялау халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және көрші елдермен қатынасты нығайтуға оң септігін тигізеді деп сенеміз», - дедің Әшімбаев.