Президентке монополияға қарсы шаралар аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді

Azattyq Rýhy

Марат Омаров Агенттіктің бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған жоспары жайында айтты

Президентке монополияға қарсы шаралар аясында атқарылған жұмыстар туралы есеп берілді
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровты қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президентке Агенттіктің бақылау функцияларын орындау барысы, оның ішінде экономиканы монополиядан арылту жөніндегі құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстары туралы есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа монополияға қарсы шаралар аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндалды. Орындалған ұйғарымдардың үлесі 90,3 пайызға жетті.

Сонымен қатар Марат Омаров Агенттіктің бәсекелестікті дамыту жөніндегі 2024 жылға арналған жоспары жайында айтты.

Агенттік төрағасының айтуынша, бүгінде бәсекелестіктің жай-күйін талдау үшін ақпараттық-сараптамалық жүйе әзірленіп, іске қосылған, мемлекеттік қызметтер цифрландырылған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпараттық жүйесі, яғни деректер базасы әзірленіп жатыр. Картельдік сөз байласу фактілерін анықтау мақсатында жасанды интеллект элементтері енгізіледі.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Марат Омаровқа экономиканың негізгі секторларында бәсекелестікті дамытуға, ведомствоның жүргізіп жатқан тексеру жұмыстарына, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қорғауға әрі өркендетуге қатысты бірқатар тапсырма берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.