Шымкентте жалған кондитерлік өнімдер тәркіленді

Azattyq Rýhy

Жалған өнімдер көтерме бағамен сауда орындарында сатылып келген

Шымкентте жалған кондитерлік өнімдер тәркіленді
Фото: 24.kz

Шымкентте танымал брендтердің атауымен ұсынылған 48 мың данадан астам кәмпит тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Жалған өнім шаһардағы қоймалардың бірінен табылды. Әділет департаментінің полицейлерімен бірлесіп жүргізген арнаулы операциясының нәтижесі – бұл. Кондитерлік өнімдердің қандай жағдайда жасалғаны әзірге белгісіз. Сондықтан мамандар олардың денсаулыққа зиян болуы мүмкін екенін айтады. Жалған өнімдер көтерме бағамен сауда орындарында сатылып келген. Контрафактілі тауарды түпнұсқасынан айыру қиын емес. Пайдакүнемдер өнімдерін танымал брендке ұқсатып, тек атауындағы бірнеше әріпін ғана өзгерткен.

«Жалған өнімді таратумен айналысқан тұлғаға қатысты шара қолдану мәселесі қарастырылып жатыр. Зардап шегушіге келтірілген залал мөлшеріне сәйкес іс ары қарай сотқа немесе қылмыстық жауапкершілігін анықтау үшін Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданады», - деді Шымкент қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекова.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.