$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Сағынышқа оралу»: Астанада «AMANAT»-тың ұйымдастыруымен кездесу кеші өтті

Кешке депутаттар, жазушылар одағының мүшелері мен елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты

«Сағынышқа оралу»: Астанада «AMANAT»-тың ұйымдастыруымен кездесу кеші өтті

Бүгін әйгілі лирик ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 93 жыл толды. Осыған орай «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының ұйымдастыруымен Бәзілжан әулетінің «Сағынышқа оралу» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Ұлттық мұра» жобасы аясында өткізілген кешке ҚР Парламенті Сенатының, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жазушылар одағының мүшелері мен елордалық зиялы қауым өкілдері қатысты.

 

«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сақтаған Сәдуақасов салтанатты кештің мәні мен маңызы туралы айтып, Бәзілжан әулетіне алғыс хат табыстады.

Мұқағали Мақатаев 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Құжат бойынша ақынның туған күні – 9 ақпан.

Алайда ақынның анасы Нағиман апаның: «Мұқағалиім 1931 жылы наурыз айының 8-інде дүниеге келген. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурыз көже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз», деген естелігі бар-тын.

Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар ақынның туған күніне байланысты: «Құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланысты өзі жаздырып алған екен», - деген пікір айтады.

Кеш қатысушылары осындай жылы естеліктерді айтысып, өлең оқып, ән салып, күй шертіп, ақын рухына тағзым жасап тарқасты.

Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан Мұқағали ақын 1000-нан астам өлеңнің авторы. Оның «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» атты жыр жинақтары жарық көрген. Аударма саласында да еңбектеніп, Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды.

Ақын лирикалық өлеңдерінде адам өмірінің мәні, әсемдік пен сұлулық, тазалық, ерлік, елдік, туған жер тақырыбында терең толғанды.

Мұқағали Мақатаев өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын биік деңгейге көтерген қайталанбас тұлға.

Ол 1976 жылы 27 наурызда Алматыда дүниеден өтті.

Серіктес жаңалықтары