Қарағанды облысында 500-ге жуық адам баспанаға мұқтаждар кезегінен алынып тасталды

Azattyq Rýhy

Облыс прокуратурасы тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді

Қарағанды облысында 500-ге жуық адам баспанаға мұқтаждар кезегінен алынып тасталды
Фото ашық дереккөзден

Қарағанды облысының прокуратурасы 454 адамды баспанаға мұқтаждар кезегінен алып тастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, облыс прокуратурасы тұрғын үй заңнамасының сақталуына тексеріс жүргізді.

«Тексеру барысында тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і аталған санатқа жатпайтыны және мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға құқығы жоқ екені анықталды (ден қою актілері бойынша кезектен шығарылды). 50 адамға ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген», - делінген хабарламада.

Қадағалау актісі бойынша иесі жоқ 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау шаралары жүргізілуде.

Азаматтардың жалға берілген тұрғын үйлерге төлемдер бойынша қарыздары 20 миллион теңгені құрайды, ден қою актілері бойынша жергілікті атқарушы органдар сотқа талап-арыздар берді.

«Шахтинск қаласында пәтерді тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде жекешелендіру түріндегі алаяқтық фактісі анықталды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға жағдайы өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, атап айтқанда қабырғаларында жарықтар мен ылғалдылық бар, электр қондырғылары зақымдалған, сымдары ашық және т.б. ақаулары бар 4 тұрғын үй сатып алынған.

Сол ауданда электр қуатына қосылмаған 2 тұрғын үй сатып алынған.

Тексеру жалғасуда және тұрақты бақылауға алынған.                           

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.