«Жеңіс күні алыс емес»: Беньямин Нетаньяху бірнеше айда ХАМАС содырларының көзі жойылатынын айтты

Бұл мәлімдеме Израильге келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің сапары кезінде айтылды

«Жеңіс күні алыс емес»: Беньямин Нетаньяху бірнеше айда ХАМАС содырларының көзі жойылатынын айтты
Фото: bbc.com

Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху ХАМАС тобының Газа секторындағы атысты тоқтату туралы шарттарын қабылдамады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy BBC- ге сілтеме жасап.

«Біз жеңіс күніне жақындап қалдық... Бұл ондаған жылдардың емес, бірнеше айдың мәселесі», - деді Израиль Премьер-министрі.

Ол сондай-ақ мыңдаған палестиналықтар паналап отырған Газаның оңтүстігіндегі Рафах қаласына шабуыл жасауды бұйырды.

Бұл мәлімдемелер екі елге арағайындық жасауға Израильге келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің сапары кезінде айтылды.

ХАМАС тобы 135 күнге қақтығысты тоқтатуды талап етті. Осы уақыт аралығында екі ел тұтқын алмасып, қаза тапқандардың мәйіттерін қайтаруы керек; Израиль әскері Газа аумағын толық босату керек. Бұл мәміле, ХАМАС-тың пікірінше, Газаға азық-түлік пен басқа да гуманитарлық көмектің келуіне мүмкіндік береді.

Нетаньяху ХАМАС-тың талабын орынсыз деп санайды.

«Ұсынысқа көнетін болсақ, бұл тұтқын алмасумен бітпейді, керісінше қанқасаптың өршуіне алып келеді», - деді ол. 

Аймаққа 5-ші рет келген Блинкеннің бітімгершілік миссиясы сәтсіз аяқталды. Бейсенбіде Каирде консультациялардың жаңа раунды басталады. Халықаралық делдалдар екі елді мәмілеге келтіруге тырысып жатса да, Израиль тарапы ХАМАС-тың түбіне жетуді көздеп отырғанын жасырмайды.

Израиль Қорғаныс министрі Йоав Галант «Израиль армиясы бұрын соғыс оты тұтанбаған жерге дейін, ХАМАС-тың соңғы бекінісі Рафахқа дейін жетеді» деді.

БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Израильдің Рафахқа шабуыл жасау туралы жоспарына қатты алаңдаулы екенін білдірді. Онда миллионнан асатын халық бар, ол жерді соғыстан қашқан жүздеген босқын паналап отыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.