Ақмолада салық органы неміс инвесторынан еш негізсіз 25 млн теңге талап еткен
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша негізсіз қосымша есептелген сома жойылды
Ақмола облысының прокуратурасна «Rubber Technical Items» неміс инвесторы көмек сұрап жүгінген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, автомобильдер мен ауылшаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшектер шығару жобасын жүзеге асыратын инвестор жұмысты іске асыру кезінде фискалдық орган тарапынан проблемаға тап болғанын жеткізген.
«Салық органы кедендік тексеру нәтижелері бойынша 25 млн теңге кедендік баж, ҚҚС және өсімпұл есептегені анықталды. Қосымша есептеу үшін тауарлардың шығу тегі туралы сертификаттарда кейбір деректердің болмауы негіз болған.
Өз кезегінде инвестор қажетті деректер жетіспейтін тауардың шығу тегі туралы сертификаттардың нұсқаларын ұсынған. Осыған қарамастан, салық органы оларды ескермеген», - делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша кедендік тексеру қорытындылары бойынша негізсіз қосымша есептелген сома жойылды.
Инвестициялық жобаны сүйемелдеу жалғасуда және облыс прокуратурасы басшылығының бақылауына алынды.