Тақияны хайп үшін кимедім – Дәулет Мұқаев
Депутат 2022 жылы Президент жеті жылға сайланғанын еске салды
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Президенттің «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жалған еліктеу, өтірік патриотизм, даңғойлық, дарақылықтан сақтанайық. Президентіміз осыны баса айтты. Одан бөлек, өткенімізбен мақтана бермей, алға жылжып, болашақ қалай болады деп, әлем елдері сияқты біз де конференцияларды өткізіп, келешек жоспарды саралай білген жөн. Көп жағдайда біз талдай білмейміз, оны да Мемлекет басшысы анық айтты. Мағжан атамыздың «Жастарға сенемін» деген сөзі бар ғой. Атқарушы және заң шығарушы органдарда жастарға жұмыс істеуге жол ашатын кешенді шара қабылданды. Өзім соның айқын мысалымын деп санаймын. Қазақстан бойынша жеке мандатты депутат ретінде сайланған ең жас адам мен болып отырмын. Сондықтан жастарға берілген мүмкіндікті пайдаланып, қызмет етуге жол ашылды», - деді депутат.
Дәулет Мұқаев Мәжіліс депутаты ретінде ант беру рәсіміне тақиямен келгенін еске алды.
«Президент ерекше мерекелерге қатысты ұстанымдарды атап өтті. Мысалы, ұлттық киімдерді Наурызда ғана емес, күнделікті өмірде де кию туралы айтты. Мен өзім оқушы кезімнен бұл ұстанымға берікпін. Парламентке тақия киіп келгенімде, кейбіреулер «хайп» қуып жүр деді. Жоқ, мен күнделікті өмірде де киемін. Хайп емес, бар болғаны қазақылығымызды көрсеткім келді», - дейді депутат.
Мәжіліс депутаты 2026 жылғы сайлауға қатысты жаңсақ пікір таралмас үшін Президенттің сұхбатынан кейін БАҚ беттерінде жарияланған ақпаратқа қатысты өз ойын айтты.
«Кейбір БАҚ көздері де дұрыс түсінбей қалған сияқты. Өткен референдумнан кейін «Президент тағы екі рет сайланады, я абсолютті түрде сайланады» деп өзгерткісі келді ме деген ойлар айтылды. Ал енді кей жергілікті және шетелдік БАҚ көздері «2026 жылы сайлау болады, бірақ оған Тоқаев қатыспайды» деп жазыпты. Бірақ референдумға сәйкес, 2022 жылы Президент жеті жылға сайланды, яғни, 2029 жылға дейін сайланған. Көпшілік үшін қате ақпарат тарамасын деп осыны да түсіндіре өтейін», - деді депутат.