ТЖМ басшысы Алматыдағы хостелде болған өрттің ықтимал себептерін атады

Автор: Мира Байбек

Қайғылы оқиға кезінде 13 адам қаза тапқан болатын

Фото: nur.kz

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Алматыда 13 адамның өмірін жалмаған хостелдегі өрттің шығу себебіне қатысты екі нұсқаны атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, бір нұсқа бойынша электр тогының қысқа тұйықталуы, ал екінші нұсқада сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін.

«Өртке жарық құрылғысының қуат көзінің қызып, артынша балқып кетуі салдарынан туындаған қысқа тұйықталу болуы мүмкін. Сондай-ақ екінші нұсқа – төмен калориялы өрт, яғни біреу темекі тұқылын немесе жанған шырпы лақтырған болуы мүмкін. Бұл негізгі себептер», - деді Шәріпханов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Естеріңізге сала кетейік, 30 қарашада сағат 05:33-те Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне хостелге айналған жертөледен өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт салдарынан 13 адам қаза тапты. Үкіает басшысы Әлихан Смайыловтың бұйрығымен төтенше жағдайды зерттейтін үкіметтік комиссия құрылды. Алматы әкімдігі хостелдің студенттерді орналастыру үшін университеттермен ешқандай меморандум жасамағанын және заңсыз жұмыс істегенін хабарлады. Қазіргі кезде аталған дереке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Хостел орналасқан ғимаратты жалға алушы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.