$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Майқайың кенішіндегі қайғылы оқиға: полиция тергеу жұмысын бастады

Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынды

Майқайың кенішіндегі қайғылы оқиға: полиция тергеу жұмысын бастады
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі Pavlodarnews-ке сілтеме жасап.

Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ведомство екі немесе одан да көп адамның абайсызда қайтыс болуына әкеп соққан тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактісі бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 277-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. 

«Тәжірибелі тергеушілер қатарынан арнайы жедел тергеу тобы құрылды. Тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында», –деп хабарлады  облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Өтеуов.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жария етілмейді.

Еске сала кетейік, 4 қаңтарда сағат 01:25 шамасында Баянауыл ауданында «Майқайыңзолото» АҚ аумағында, Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кетті. Автобустың ішінде төрт адам болды: кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабы Павлодар филиалының үш құтқарушысы және бір жүргізуші. Шахтадан 33 жұмысшы эвакуацияланды. 

ТЖД құтқарушылары құмнан қаза тапқан екі адамның денесін тапты. Олар – 24 жастағы Сарқыт Берліқан және 53 жастағы Олег Тышкевич. Тағы екі адамды іздеу жалғасуда.

Қаза тапқан және жоғалған құтқарушылардың отбасыларына «Майқайың-алтын» АҚ және КӘАҚҚ РОШ-нан әрбір отбасына 4,5 млн теңгеден астам мөлшерде материалдық көмек көрсетілетін болады.

Сондай-ақ мемлекет тарапынан қаза тапқан жандардың отбасыларына асыраушысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдер тағайындалады.

Серіктес жаңалықтары