Аяз, көктайғақ, қатты жел: 7 облыста дауылды ескерту жарияланды
Бірқатар өңірде жаяу бұрқасын жүріп, тұман түседі
Еліміздің 7 облысында 15 желтоқсанда дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысының солтүстігінде, орталығында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 18-23 м/с, кей тұста 28 м/с дейін жетеді деп болжанады. Түнде облыстың оңтүстік-шығысында өте қатты аяз болады: -30°C...-31°C. Қонаевта солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 18-23 м/с болады.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде, шығысында көктайғақ болады. Түнде облыстың шығысында боран соғады. Түнде облыстың шығысында, солтүстік-шығысында шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Ақтауда көктайғақ болады.
Түркістан облысының оңтүстігінде, тау бөктерінде тұман болады деп болжанады. Облыстың таулы аудандарында қар ұшқындап, жаяу бұрқасын жүреді. Шымкентте түнде және таңертең тұман болады. Түркістанда түнде шығыстан, оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с құрайды.
Қызылорда облысының шығысында, орталығында солтүстік-шығыстан, шығыстан 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с, түнде және таңертең 30 м/с және одан да жоғары жылдамдықпен жел соғады. Қызылордада шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с, кей тұста 23 м/с дейін жетеді.
Жамбыл облысының оңтүстігінде, батысында, таулы аудандарында тұман, көктайғақ болып, жаяу бұрқасын жүреді. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында солтүстік-шығыстан 15-20 м/с, кей тұста 23-28 м/с, түнде 30 м / с және одан да жоғары жылдамдықпен жел соғады. Таразда 16-17 желтоқсанда тұман, көктайғақ болады.
Ақтөбе облысының оңтүстігінде, орталығында шығыстан, оңтүстік-шығыстан 15-20 м/с, түнде облыстың орталығында 25 м/с жылдамдықпен жел соғады деп болжанады.
Түнде Жетісу облысында қатты аяз болады: -24°C...-29°C. Талдықорғанда түнде қатты аяз болады: -26°C...-28°C.