Нигерияда жүк көлігі аударылып, 18 адам қаза тапты
27 адам жарақат алды

Нигерияның орталығында болған жол апатынан кемінде 18 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Синьхуа агенттігінің хабарлауныша, бұл туралы дүйсенбі күні елдің жол полициясының ресми өкілі Биси Казим мәлімдеді.
«Қайғылы оқиға Нигерия орталығындағы Кадуна-Абуджа тасжолының бойындағы Ауду-Джангон ауылында болған. Тіркемесіне ауыр жүк пен адамдары тиеп алған жүк көлігінің жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол жиегіне аударылып кеткен», - делінген хабарламада.
Алдын ала тергеу апатқа «жылдамдықты арттыру мен шамадан тыс жүктеме» себеп болғанын көрсетті.
Нигерияда өлімге әкелетін жол-көлік оқиғалары жиі кездеседі, оларға көбінесе жүктің шамадан тыс көп тиелуі, нашар жол жағдайлары және жүргізуші салғырттығы себеп болып жатады.