Алматыда 15 млн теңгеден астам соманың контрафактілік өнімдері анықталды

Биыл мемлекеттік орган 34 әкімшілік іс қозғаған

Алматыда 15 млн теңгеден астам соманың контрафактілік өнімдері анықталды
Фото: murzina-patent.ru

Алматыда 15 млн теңгеден астам сомаға контрафактілік өнім анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қалалық Әділет департаменті өкілдерінің айтуынша, биыл мемлекеттік орган 34 әкімшілік іс қозғаған.

«Жалпы биыл департамент 34 әкімшілік іс қозғады. Заңсыз айналымнан жалпы сомасы 15 243 971 теңгені құрайтын 16 107 контрафактілік өнім алынды. Тауар таңбалары мен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану бойынша, оның ішінде 28 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Алматы қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы бөлімінің басшысы Еркебұлан Жетпісбаев.

Әділет органдарының өкілдері өзгенің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Ондай жағдай анықталса, заң бұзғандар айыппұл төлеп қана қоймай, тауарлары да тәркіленеді. Тәркіленген контрафактілік тауарлар, заңнамаға сәйкес жойылады. 

Е. Жетпісбаев өз сөзінде атап өткендей, департаментте халық, кәсіпкерлер және құқық иелері арасында ақпараттық құқықтық түсіндіру іс-шаралары өткізіледі. Осы жылдың басынан бері 400-ден астам осындай іс-шаралар ұйымдастырылған.

«Құқығы мен мүддесі бұзылған жағдайда тұрғындар әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану үшін әділет органдарына жүгінуі қажет», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.