Тоқаев Abu Dhabi Ports Group басшылығымен Ақтау, Құрық порттарын дамытуды талқылады
Сондай-ақ кездесуде өзара тиімді қарым-қатынастың перспективалары талқыланды
Мемлекет басшысы Abu Dhabi Ports Group компаниясының басқарушы директоры Мұхаммед Жуму әл-Шамисиді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ақтау және Құрық порттарын дамытуды Қазақстан стратегиялық мақсат етіп отырғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед Жуму әл-Шамиси Abu Dhabi Ports Group компаниясының көлік-логистика саласындағы бай тәжірибесін ескере отырып, осы саладағы өзара тиімді қарым-қатынастың перспективаларын талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мұнайын Орта дәліз арқылы Әзербайжанға тасымалдау жөніндегі «ҚазМұнайГаз» компаниясы мен ADP арасындағы ынтымақтастықты оң бағалады.
«Президент Еуразияны Шығанақпен, Африкамен және Үндістанмен байланыстыратын «Солтүстік – Оңтүстік» бағдарының әлеуетін пайдалану жоспары туралы айтты. Оның пікірінше, 2027 жылға қарай аталған бағыттың жүк өткізу қабілеті кемінде 70 пайызға артып, 9 миллион тоннадан 15 миллион тоннаға дейін ұлғаюға тиіс», - делінген хабарламада.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» мен ADP арасында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі уағдаластықты ерекше атап өтіп, бұл жобалардың табысты жүзеге асырылуына тілектестік білдірді.