«Президенттік реформаларды жақтаушыларды топтастыратын партия»: AMANAT-тың қоғамдық қолдаудағы рөлі
Партия сайлаушылардың мүддесін қорғайтын саяси күшке айналды

Осыдан 1,5 жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының құрамынан шыққан болатын. Алайда партия Президенттің қоғамдық тірегі ретінде жұмысын тоқтатқан емес, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
16 наурызда өткен Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев
«Қазір бізде барлығы Президентке келіп тіреледі. Бұл – дұрыс емес. Біртіндеп бұдан бас тартуымыз қажет. Мен үшін мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесі биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда әлдеқайда маңыздырақ. Сол себепті мен «AMANAT» партиясының қаңтар айындағы съезінде ұйымның төрағалығынан биыл бас тартатынымды мәлімдедім. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн. Саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық. Саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажет», - деді Президент Жолдауда.
Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынды.
«Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да заңнамаға енгізген жөн.Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді ол.
Осы арқылы елдің іргесін нығайтамыз деген Қасым-Жомарт Тоқаев өзінен бастап бірқатар лауазымды тұлғаны партиядан шығаруды да ұсынды. Бұл қатарда Орталық сайлау комиссиясы мен Есеп комитеті, сондай-ақ Конституциялық кеңестің төрағалары мен мүшелері бар. Ал әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында қызмет атқаруға заңдық тұрғыда тыйым салынбақ.
«Бұл өз өкілеттілігін азайту және Парламенттің қолына беру деген сөз. Қазіргі жағдайда Президент те күшті болуы керек, сонымен бірдей, Парламент те күшті болуы керек. Сондықтан осы реформалардың маңызы өте зор. Сонымен қатар, саяси партияларға қатысты маңызды мәселелерді айтты», - деді заң ғылымдарының докторы, профессор Алуа Ибраева.
Жолдауда Парламент Мәжілісін құрудың жаңа үлгісі де ұсынылды. Барлық азаматтарды толығымен есепке алатын аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған президент «Мәжіліс депутаттарының үштен бірі мажоритарлық негізде сайланады» деді. Яғни, депутаттық корпустың 70%-ы бұрынғыдай пропорционалды форматта тағайындалса, қалған 30%-ы мажоритарлық негізде жүзеге аспақ.
«Монополиядан кетуді президент өзінен бастап отыр. Біріншіден, партиядан кету. Содан соң әкімдердің, орынбасарлардың жергілікті партиядан кетуі. Бұл өте дұрыс шешім. Себебі, басқа партияларға да бұл ортаға шығуға, бәсекелестікке алып келеді», - деген еді Президенттің шешемін қолдаған қалалық мәслихат депутаты Қуаныш Тұрабаев.
Ал 26 сәуірде «AMANAT» партиясының съезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия қатарынан кетті.
Одан бөлек, партия съезінде ADAL саяси партиясы ресми түрде «AMANAT» партиясына қосылды.
«Мемлекет басшысы ешбір партияға басымдық бермегені жөн, яғни саяси тұрғыдан бейтарап болуы қажет. Бұл – менің айқын ұстанымым. Мұндай қағида сайлауға қатысатын барлық күштерге тең мүмкіндік туғызады. Саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Партия атқарушы билікке тәуелді болмаса, оған халықтың сенімі нығайып, беделі артады.Бүгіннен бастап «Аманат» партиясының төрағасы ретінде өкілеттігімді тоқтатып, партиядан шығу туралы шешім қабылдадым. Бұл қадамның символдық мәні бар. Осы орайда, президент сайлауында маған сенім артып, қолдағандарыңыз үшін баршаңызға алғысымды айтамын», – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Amanat партиясының төрағасы болып Ерлан Қошанов сайланды.
«Мемлекет басшысы «AMANAT»-ты президенттік реформалар бағытын жақтаушыларды топтастыратын партия деп біледі. «AMANAT» Президентке қоғамдық қолдау көрсетіп, Жаңа Қазақстанды құру үшін жүйелі жұмыс істеуі тиіс. Партия мемлекеттік органдардың проблемаларын ашып көрсететін, сайлаушылардың мүддесін барынша қорғайтын саяси күш болуы қажет. Біздің партия бюрократизм және волюнтаризммен күресуі керек. Бұдан былай жасандылық пен формальды іс-шаралар болмауы тиіс», - деген еді партия басшылығына келген Ерлан Қошанов.
«AMANAT» партиясы Президенттің қоғамдық тірегі екенін биылғы 1 қыркүйекте болған Жолдауы да көрсетті. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті.
«Соның арқасында еліміздің 8 аймағында 20 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Олардың көпшілігі – 10 және одан да көп несие алған адамдар. Бұл жоба аз уақытта өзінің тиімділігін көрсетті. Үкіметке «AMANAT» партиясымен бірлесіп, оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін бүкіл еліміз көруі қажет», - деді Тоқаев.