Атырауда газ жеткізетін монополист кәсіпорынға 324 млн теңге айыппұл салынды
Сот шешімі заңды күшіне енді
Атырау облысында «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-іне әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін 324 млн теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлескен тексерісте кәсіпорынның қызметінен заңбұзушылықтар анықтаған.
«ЖШС өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдаланған, оның ішінде мәні бірдей келiсiмдерге объективті түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаны не әртүрлi шартты қолдану, нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау және контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңу сияқты бәсекелестікті қорғау саласындағы ҚР заңнамасын бұзу деректері бар», - делінген агенттік хабарламасында.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған сотының қаулысымен ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-іне 324 млн теңгеден астам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.