Павлодар облысында 12 мың жаңа жұмыс орны ашылады

Облыста 20 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алу жоспарлануда

Павлодар облысында 12 мың жаңа жұмыс орны ашылады
Фото: баспасөз қызметінен

Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында өңірлік бюджет нақтыланды. Жұмыс отырысына Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Тұрлыбаевтың айтуынша, Павлодар облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру үшін 43,2 миллиард теңге қарастырылған.

«Бағдарламаны жүзеге асыру әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, инженерлік-көлік инфрақұрылымы объектілерін қайта құру және жөндеу, сондай-ақ елдімекендерді абаттандыру есебінен жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді», - деді ол.

Облыста барлығы 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Қосымша 700 миллион теңгеден астам қаражатты коронавирус ауруымен ауыратындар анықталған жағдайға онкологиялық диспансер мен орталық аудандық ауруханалар үшін медициналық жабдықтар сатып алуға бағыттау туралы шешім қабылданды. Өңір қажеттілігі үшін бірден 20 өкпені жасанды желдету аппараты мен 10 төсек жанындағы мониторлар сатып алу жоспарлануда.

«Бүгінде өңірде 128  өкпені жасанды желдету аппараты бар, қосымша қажеттілік – 56 аппарат. Біз 20 өкпені жасанды желдету аппаратына қаржы салудамыз. Тағы 8 аппарат жалпы сипаттағы трансферттер есебінен сатып алынады», - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов. 

Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Павлодар облысында кредиттік тұрғын үй салу үшін 6 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа Павлодардың «Достық» және «Сарыарқа» шағын аудандарында 16 тұрғын үй салынып, 500-ден астам пәтер пайдалануға берілмек.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.