Малайзия үкіметі әйелдерге карантин кезінде «көп ызыңдай бермеуге» кеңес берген
Қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраған кеңес үшін ел билігі кешірім сұрады
Малайзия үкіметі Әйелдер дамуы департаменті жариялаған кеңес үшін кешірім сұрауға мәжбүр болды. Себебі, аталмыш департамент карантин кезінде әйелдерге қолдау білдіру үшін оларға «Үйде боянып-сыланып жүру қажет және көп сөйлеп, ызыңдай бермеу керек» деп кеңес айтқан екен.
Алайда бұл кеңес қоғам тарапынан қатты сынға ұшырағаны соншалық, үкіметке қарасты департамент әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын өшіруге мәжбүр болыпты. Әйелдерге қолдау білдіруге тиіс департаментті «күн өткен сайын көбейіп келе жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көзжұмбайлық танытып отыр» деп айыптаған әйелдер қауымы білдей бір үкіметтік мекеменің үйде қандай киім кию керек деген сияқты ұсақ-түйек нәрсені көтергеніне реніш білдірген.
«Біз бұл кеңесті үйде жұмыс істеп жүрген кезде отбасындағы жақсы қарым-қатынасты сақтап қалу үшін адамдар бір-бірімен тәжірибе бөлісе отырса деген ниетпен айтқан едік», - деп ақталады департамент директоры Акхма Хассан CNN-ге берген сұхбатында.
Айта кетерлігі, аталмыш азиялық елдің үкіметі коронавирус індетіне байланысты азаматтардың қозғалысына қатаң шектеу қойып, көптеген компанияларды қашықтан жұмыс істеуге міндеттеген. Ал бұл шара өз кезегінде, жұмыс берушілерді штат санын қысқартуға және өндірісті тоқтатуға итермелеген.
Малайзия билігі қабылдаған шара сондай-ақ, әлемде резіңке қолғаптар тапшылығын туындата бастаған еді. Себебі, әлемде медициналық қолғаптардың 60%-ы Малайзияда өндіріледі.