Солтүстікте синтетикалық есірткі әзірлеп сатқан ауыл тұрғыны ұсталды
Тінту барысында күдіктінің бөлмесінен сатуға дайын тұрған «спайс» атты есірткінің 620 дозасы мен оны жасауға қажетті қоспалар табылған
Солтүстік Қазақстан облысында өз үйінде синтетикалық есірткі әзірлеп сатқан ауыл тұрғыны ұсталды. Тінту барысында күдіктінің бөлмесінен қапталып, сатуға дайын тұрған «спайс» атты есірткінің 620 дозасы мен оны жасауға қажетті қоспалар табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылдың мамыр айында облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасына Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылының тұрғыны «спайс» есірткісін сатумен айналысып жүргендігі жайында ақпарат түскен. Бұрын сотталған әккі қылмыскерді қолға түсіру үшін тәртіп сақшылары бірнеше ай бойы оңтайлы сәтті күткен. Жедел іздестіру шарасының нәтижесінде 50 жастағы күдікті қамауға алынды.
«Кәсіпкердің» үйін тінту кезінде арнайып қаптамаларға салып, сатуға дайындап қойған 620 доза есірткі табылды. Психотроптық заттың жалпы салмағы 93 грамм. Сонымен қатар, есірткі әзірлеуге арналған этил спирті құйылған құтылар, ақ түсті үнтақ тәріздес заттар, дәріханаларда сатылатын емдік шөптер табылды.
«Есірткі әзірлеу және сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды», - дейді СҚО Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының орынбасары Иван Терзиди.
2019 жылдың 9 айында СҚО-да есірткі қылмысына қатысты 151 құқық бұзушылық анықталды. Оның 96-сы қылмыс, 55-і аса ауыр қылмыс санатына жатқызылды. 34 факті есірткі саудасына қатысты. Айналымнан 393 келі түрлі есірткі заттары тәркіленген. Оның 114 грамнан астамы героин, 93 грамм кокаин және жалпы салмағы бір келіден артық түрлі синтетикалық есірткі. 94 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО