Алматыда сатылған «ONAY» карталарының 700 мыңы айналымнан шығып қалған
«ONAY» жүйесі іске қосылғалы 2,4 миллион карта сатылған
«Алматы көлік холдингі» баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, «ONAY» жүйесі іске қосылғалы 2,4 миллион карта сатылған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Алайда, сатылымға түскен жол жүру карталарының 700 мыңы айналымда жоқ.
«Қазіргі уақытта Алматыда қоғамдық көлік пайдаланушылары күніне орта есеппен 1 миллионға жуық транзакция жасайды. Ал, «ONAY» карталарының тек 1,7 миллионнан астамы айналымда», - деді «Алматы көлік холдингінің» баспасөз хатшысы Алтай Сандыбаев.
Azattyq Rýhy ақпарат агенттігі тілшісінің сауал жауап берген холдинг өкілі «ONAY» картасының қолданысқа енгізілуі қоғамдық көліктердегі көлеңкелі ақша айналымын азайтты деді. Жолақы төлеудің жаңа жолын қолданысқа енгізу арқасында жолаушылар тасымалы нарығындағы ақша айналымы 4 жылда 2,2 есеге артқан.
«Жолаушылар тасымалы нарығын заңдастырып, реттеу тасымалдаушы кәсіпорындарды көлеңкелі нарықтан алып тастауға мүмкіндік берді. Егер 2016 жылдың қыркүйегінде, яғни бір айда жолаушы тасымалы нарығындағы айналым 800 млн теңгені құраса, 2017 жылы қыркүйекте дифтариф енгізілгеннен кейін ол 1,5 миллиардқа жетті. Ақша айналымы 2018 жылы 1,8 млрд теңге болса, ағымдағы жылдың қыркүйегінде ол 2,1 млрд теңгеден асты. 2016 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында нарықтық айналым 7,4 млрд. теңгені құраған. 2017 жылдың осы кезеңінде – 8,4 млрд теңге. 2018 жылы бұл көрсеткіш шамамен 13 млрд теңге болса биыл қаңтар-қыркүйек айларында нарық айналымы 17 млрд теңгеден асып отыр», - деді Сандыбаев.
Алматыда жолақыны қолма-қол төлеу құны 150 теңге, ал жолақы карта-билетімен 80 теңге деп белгіленген. Алайда, жолаушылар арасында ақы төлеуден жалтаратындар да аз емес. Мәселен, биыл 9 айда жолақысын төлемеген 2 мыңға жуық адам анықталған.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы