Үндістанда автобус апатқа ұшырап, 36 адам қаза тапты
Сондай-ақ 19 адам жарақат алды
Үндістан бақылауындағы Кашмирде жолаушылар автобусы тау жолынан шығып кетіп, терең шатқалға құлаған. Жол-көлік апаты салдарынан 36 адам қаза тауып, 19-ы жараланды. Жараланғандардың кейбірі аса ауыр халде жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Үндістан басқаратын Кашмирдің жазғы әкімшілік орталығы Сринагар қаласынан оңтүстікке қарай 149 шақырым қашықта, Дода округінің Ассар ауданында болған. Автобус Киштвардан Джаммуға бара жатқан.
«Бүгін ішінде 55 жолаушы мінген автобус жолдан шығып кетіп, тереңдігі 300 фут шатқалға құлап кеткен. Қайғылы оқиғадан 36 адам қаза тауып, 19 адам жарақат алғаны туралы ақпарат бар», - деді полиция қызметкері.
Апаттың өзге мән-жайына қатыстық ақпараттар белгісіз.
Ресми деректерге сәйкес, Үндістанда жыл сайын 500 мыңға жуық жол-көлік оқиғасының салдарынан 150 мыңға жуық адам қайтыс болады.