Қостанай облысында жүзден астам елдімекенді су шайып кетуі мүмкін
Облыста осы аптада күн жылынады
Осы аптада Қостанай облысында күн күрт жылынып, тасқын судан төнетін қауіп күшейеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Төтенше жағдайлар қызметі мамандарының айтуынша, су жүзден астам елдімекенді шайып кетуі мүмкін.
Бүгінде облыстың оңтүстік, орталық және батыс өңірлерінде қар жамылғысы толық еріген. Соның салдарынан өзен-көлдердегі су деңгейі жоғарылаған. Құтқарушылар қауіпті деген аймақтарда су бұру, айдап шығару жұмыстарын қолға алыпты. Тәулік бойғы кезекшілік те ұйымдастырылған. Ал синоптиктер су қоймаларына мониторинг жүргізіп, жағдайды бақылауда ұстап отыр. Облыс аумағы әлі екі рет әуе арқылы барланады. Өзендердегі мұз жару жұмыстары толық аяқталды. Биыл жарылыстар былтырғыға қарағанда екі есе артық орындалды.
«Әуеден аралау барысында Амангелді, Жанкелдин аудандары және Арқалық қаласы аумағында қар еріген. Бізде қазір үш ауданда қауіп бар деп есептелеуде. Ол Ұзынкөл, Сарыкөл, Қарасу аудандары. Онда біздің техника мен адамдар жіберіледі», - дейді облыстық ТЖД басқарма басшысының орынбасары Орынқыз Меңдібаева.