Мектептердің тек 65%-да жолда жүру қауіпсіздігі сыныптары бар - Боранова
Еліміздегі мектептердің тек 40%-ы жол жүрісі қағидаларын зерделеу үшін арнайы алаңдармен жабдықталған
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова оқушылардың жолда жүру қауіпсіздігі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Соңғы 2 аптада жаяу жүргіншілер өткелдерінің жол белгілерімен, жол таңбаларымен, қоршаулармен және басқа да жол жүрісін реттеу құралдарымен жабдықталуына тексеру үшін мектеп аумағында жол және коммуналдық қызмет өкілдерімен 1 700-ден астам тексеру жүргізілді. Нәтижесінде табылған кемшіліктерді жою үшін 200-ден астам нұсқама берілді», - деді Боранова.
Биыл білім беру мекемелеріне тиесілі 2,5 мыңнан астам осындай көлік құралдарын тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 250-ден астам нұсқама берілген.
«Бүгінгі таңда мектептердің тек 65% пайызында ғана жол жүрісі қауіпсіздігі сыныптары бар және мектептердің тек 40%-ы жол жүрісі қағидаларын зерделеу үшін арнайы алаңдармен жабдықталған. Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуда маңызды рөл атқаратын қозғалыстың жас инспекторларының мектеп отрядтарының жұмысын ұйымдастыруды ерекше атап өткен жөн. Олардың басты міндеттері – балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүрісі қағидаларын сақтауды насихаттау және жолдағы балалар жарақатының алдын алу», - деді ол.
Маманның айтуынша, бүгінгі таңда елімізде мектептердің тек 70% (4697) ғана ҚЖИ отрядтары бар.
«Олардың қатарында 48 мыңнан астам бала бар, дегенмен бұл теңізге түскен тамшыдай. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты іс-шаралардың көпшілігі онлайн режимінде өткізілді, осыған орай биылғы жылы осы айдың үшінші онкүндігінде ҚЖИ командаларының көшбасшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу туралы шешім қабылданды, онда олар ҚЖИ жұмысын жаңа форматта қалай ілгерілету туралы тәжірибелерімен алмасады» - деді ол.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ