Былтыр «Костенко» шахтасында 213 бұзушылық анықталған – министр
28 қазанда аталған шахтада апат болып, 46 кенші қаза тапты

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов «Костенко» шахтасында жүргізілген тексерістер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өндірістік қауіпсіздік бойынша айтатын болсақ, тексеру жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Былтыр осы «Костенко» шахтасында тексеру жүргізілді. Өндірістік қауіпсіздік инспекторлары 213 бұзушылық анықтады. Ол бойынша олқылықтар жойылды. Тек бір бұзушылық қана жойылмады. Егер олар орындалмаса, біз оны сотқа беріп, айыппұл салдық», - деді Шәріпханов.
Министр атағандай, осы апатқа кінәлілерді мемлекеттік комиссия анықтайды.
«Материалдар тергеу органдарына бағытталады. Кім кінәлі екенін сот анықтайды»,- деді ол.
Еске салсақ, 28 қазанда «Костенко» шахтасында апат болып, 46 кенші қаза тапты.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ