«Шахта жабдықтары жылжып кеткен»: министр 6 кеншінің жеке басы анықталмағанын айтты

Аягөз Құрмаш

Шахта жұмысында көп заңбұзушылық анықталды

«Шахта жабдықтары жылжып кеткен»: министр 6 кеншінің жеке басы анықталмағанын айтты
Коллаж: Azattyq Ruhy

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын ала болжам бойынша 46-шы адамның дене бөлшектері табылды.

Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі. Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындаған. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс істеу қиынға түсті.

Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде», - деді Сырым Шәріпханов.

Министр атағандай, аварияның себептерін тергеп-тексеру аясында Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түскен.

«Біз өте маңызды ақауларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгет пен желдету құрылыстары қираған. Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды», - деді ол.

Естеріңізге салайық, 28 қазанда сағат 02.36-да «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің Костенко атындағы шахтасында тереңдігі 700 метрде өрт шығып болып, артынша метан-ауа қоспасы жарылған. Оқиға орнына дереу «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының күштері жіберілді.

Авария кезінде ауысымда 252 кенші болған, оның 201-і өздігінен көтеріліп, 5-і тау-кен құтқару күштерімен табылып, жер бетіне шығарылды.

Жалпы, 30 қазаннан бастап Қарағанды облысының бес шахтасында (Абай, Саран, Шахтинск, Күзембаев және Ленин атындағы) өндіру процестері қайта жанданды.

«Тентек» шахтасында тек дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Қазақстан» шахтасында оның қарқынды жұмыс істеуі үшін барлық жұмыстар қамтамасыз етілуде және аэрогаз жағдайы бақылауға алынды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.