БҚО-да бекіре тұқымдас балықтарды сатумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды
Олар балық өнімдерін жалған құжаттармен қаладағы орталық базарларға әкеліп сатқан
Батыс Қазақстан облысында бекіре тұқымдас балықтарды сатумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Бұл туралы БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департаменттің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Орал қаласында бекіре балығы мен оның уылдырығын заңсыз сатумен айналысқан қылмыстық топты анықтады. Олар балық өнімдерін жалған құжаттармен қаладағы орталық базарларға әкеліп сатқан.
«Полиция қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында 1520,55 келі бекіре балығы, 27,3 келі қызыл және 1,25 келі қара уылдырық, сондай-ақ жалпы сомасы 2 млн 705 мың теңге және 35,8 мың рубль қаражатын, оған қоса тапанша, оқ-дәрілер, электронды таразы, пышақ, дүрбіні тауып, тәркіледі. Ұсталғандар БҚО тұрғындары болып шықты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 2-бөлігіне (өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.