Атырау облысында жеке кәсіпорын мемлекетке 851 млн теңге қайтаруға міндеттелді
ЖШС-нің аса ірі көлемде топырақты заңсыз сатқаны анықталды
Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-нің кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге рұқсатты пайдалана отырып, 2021-2022 жылдары 88 542 м³ топырақты заңсыз сатқанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, рұқсат беруге «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құрылыстардың үйіндісін қалпына келтіру туралы мердігерлік шарт негіз болған.
«Алайда шартта топырақты өзге мақсатта сату көзделмеген. Облыс әкімдігіне енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижелері бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұрын берілген рұқсат қайтарып алынды. Аталған факт бойынша «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан сотпен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді», - деп атап өтті прокуратура өкілдері.
Өз кезегінде, прокуратура «жер қойнауы ресурстарына, оның ішінде өңірдің экологиясына зиян келтіргені үшін жауаптылықтың сөзсіз болатынын» ескертеді.