$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қарағанды облысындағы ауылда сібір жарасының ошағы әлі табылған жоқ

Бүгінгі күні эпизотиялық ахуал тұрақты

Қарағанды облысындағы ауылда сібір жарасының ошағы әлі табылған жоқ
Фото: shutterstock

Қарағанды облысының Топар кентінде шыққан топалаңның ошағы әлі табылған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Ветеринарлар вирус болуы мүмкін деген жерлерден сынама алып, ұлттық референттік орталыққа жіберді. Бұдан өзге жайылым мен шабындықтан алынған сынамалар ветеринариялық зерттеуге жолданды. Жауаптылар Топар кенті маңында бұрын-соңды бұл індеттің тіркелмегенін айтады. Сондықтан шекаралас ауылдардан келген болуы мүмкін деген күдік бар. Бірақ бұл әзірге болжам.

Мамандар ауру жұққан бұзаумен қатар тұрған 3 сиырдың да көзін жойды. Қазір кентте сауықтыру және зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр.

«Бүгінгі күні эпизотиялық ахуал тұрақты. Қосымша ауырған мал тіркелген жоқ. Карантиндік іс-шаралар соңғы инфекция көзі жойылғаннан кейін және қортынды дезинфекцияның нәтижесіне сәйкес 15 күннен кейін алынады», - делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қарағанды облысының Топар ауылында төрт тұрғыннан сібір жарасы табылған соң карантин жарияланған болатын. Кейіннен сібір жарасын жұқтырған тұрғындардың бірі қайтыс болғаны хабарланды. Сондай-ақ тағы бір науқас жансақтау бөліміне ауыстырылды.

Серіктес жаңалықтары