Дағыстанда жаппай тәртіпсіздіктен 20-ға жуық адам жараланып, әуежай жабылды
Мыңдаған адам Тель-Авивтен келген жолаушылар арасынан Израиль азаматтарын іздеген
Дағыстанның Махачкала қаласындағы әуежайда болған жаппай тәртіпсіздік салдарынан ондаған адам зардап шекті. Сондай-ақ әуежай уақытша жабылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы аймақтың денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-каналында хабарланды.
«Дағыстандағы Махачкала әуежайындағы оқиға салдарынан 20-дан астам адам, соның ішінде полиция қызметкерлері мен қарапайым азаматтар зардап шекті. Оның 10-ы аймақтағы ауруханаларға жеткізілді, екеуі ауыр халде жатыр», - делінген хабарламада.
Елдің ДСМ басшысы зардап шеккендердің саны мен алған жарақатының ауырлығы анықталып жатқанын хабарлады.
«Росавиация» аталған оқиғаға қатысты әуежайдың 6 қарашаға дйеін жабылғанын мәлімдеді. Кейінірек Дағыстан үкіметі әуежай жұмысының жақын күндері қалыпқа келтірілетінін жеткізді.
Белгілі болғандай, жексенбі күні Махачкала әуежайында жиналған мыңға жуық жергілікті тұрғын әуежайдың ұшу-қону жолағына бұзып кіріп, Тель-Авивтен ұшып келген жолаушылардың арасынан Израиль азаматтарын іздеген.
Baza Telegram-арнасының хабарлауынша, шеруге қатысушылар Израильге қарсы плакаттар ұстап, Палестинаны қолдайтын ұрандар айтқан. Көп ұзамай жиналғандардың бір бөлігі кіреберіс есіктерді бұзып, әуежай терминалының ғимаратына басып кірген.